Бүгінде экология мәселесі – жаһандық деңгейдегі өзекті тақырыптардың бірі. Қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау және жасыл аймақтарды сақтау – әрбір азаматтың басты міндеті. Осы орайда елімізде қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық жобасы республика көлемінде кеңінен қолдау тауып келеді.
Шәкәрім университеті де аталған бастаманы жыл сайын дәстүрлі түрде жүзеге асырып, оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері туған өлкеміздің табиғатын қорғау жолында белсенділік танытуда.
Қоршаған ортаны қорғау мәселесі бүгінгі таңда өзекті тақырыптардың бірі болып отыр. Әсіресе тұрмыстық қалдықтарды дұрыс басқару мен оларды қайта өңдеу мәдениетін қалыптастыру – экологиялық тұрақтылықтың маңызды бөлігі. Осыған байланысты Химия және экология кафедрасының PhD, аға оқытушысы А.К. Мурзалимованың жетекшілігімен 6В05201 – «Экология» мамандығының студенттері «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында арнайы жобаны қолға алды. Жобаның негізгі мақсаты – қалдықсыз технологияларды енгізу, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау тәжірибесін көрсету және жастар арасында экологиялық мәдениетті дамыту.
Тәжірибе Шәкәрім университетінің 9-шы оқу ғимаратының 4-қабатында жүргізілді. Арнайы сұрыптау жәшігі жасалып, үш түрлі қалдықты бөлек жинау көзделді: қағаз, пластик, және өңделмейтін қалдықтар. Жәшіктің көлемі 126 литр болып, халықаралық тәжірибеге сәйкес түстер белгіленді: жасыл – қағаз, көк – пластик, қызыл – қауіпті қалдықтар үшін.
Орта есеппен бір студент күніне 61,8 грамм қалдық тастайтыны анықталды. Жалпы 196 адамнан құралған топтың бір күндік қалдығы шамамен 12,1 килограмм болды. Семей қаласында қалдықтарды қабылдау орталықтары жұмыс істейді. Мысалы, Қабылбаева 74а мекенжайында пластик бөтелкелер килограмына 25 теңгеден, қағаз 30 теңгеден қабылданады.
Тәжірибе барысында алғашқы аптада студенттер қоқысты дұрыс бөлмей, араластырып тастағаны байқалды. Дегенмен төртінші аптадан кейін сұрыптау мәдениеті қалыптасып, студенттер қалдықтарды дұрыс бөле бастады. Жиналған деректерге сәйкес, төрт апта ішінде 4,852 кг пластик пен 3,12 кг бөтелке қақпағы жиналды. Ал жетінші аптада бұл көрсеткіш 4,668 кг пластик және 2,46 кг бөтелке қақпағын құрады.
Жүргізілген тәжірибе нәтижесінде студенттердің экологиялық жауапкершілігі артып, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мәдениеті қалыптасқаны байқалды. Мұндай бастамалар табиғатты қорғауға ғана емес, сонымен қатар жастардың санасында тұрақты даму құндылықтарын орнықтыруға ықпал етеді. Қалдықтарды сұрыптау – экологиялық ахуалды жақсартудың маңызды жолы әрі болашақта экологиялық таза қоғам құрудың берік негізі.
«Таза Қазақстан» жобасы тек тазалық шараларымен шектелмейді. Университет жастары экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, табиғатты қорғаудың маңыздылығын кеңінен насихаттауда. Әлеуметтік желілерде челлендждер ұйымдастырылып, экологиялық өмір салтын насихаттайтын бейнематериалдар жарияланып келеді.
Студенттердің айтуынша, табиғатты қорғау – бір күндік іс-шара емес, бұл әрбір адамның күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналуы тиіс. «Біз сенбіліктер арқылы тек қана тазалық жасамаймыз, сонымен қатар өзіміздің болашағымызды қорғаймыз. Таза табиғат – салауатты өмір кепілі», – деген пікірде университет еріктілері.
Шәкәрім университетінің басшылығы экологиялық бастамаларды ерекше қолдап отыр. «Жастардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыру – біздің негізгі міндеттеріміздің бірі. Қоршаған ортаға жанашырлықпен қараған ұрпақ ел болашағына үлкен үлес қосады. Сондықтан мұндай шаралардың тәрбиелік мәні зор», – дейді оқу орны өкілдері.
Университетте экология, климатология және тұрақты даму салаларындағы заманауи білім беру бағдарламалары мен арнайы курстар табысты жүзеге асырылып жатыр. Студенттер экологиялық ойлау жүйесін қалыптастыруға бағытталған ғылыми іс-шараларға, зерттеулер мен жобаларға белсенді түрде қатысады. «Таза Қазақстан» фестивалі экологиялық саналы қоғам құру және еліміздің экологиялық қауіпсіздігін нығайту жолындағы маңызды қадам болды.
Шәкәрім университеті – экологиялық мәдениетті қалыптастыруда көш бастап келе жатқан оқу орындарының бірі. Бұл бағыттағы жұмыс бір реттік шаралармен шектелмейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Таза Қазақстан» – бұл жәй акция емес, бұл – елді жүйелі көгалдандыруға арналған ұлттық бастама.
Университет ұжымы бұл бастаманы толық қолдай отырып, алдағы уақытта да жасыл, таза және салауатты Қазақстанды қалыптастыру жолында белсенді қызмет етуді жалғастырады.