Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын жариялады. Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетовтің айтуынша, бұл құжат елдің болашақ дамуын айқындайтын тарихи бағдар болып отыр.
Оның пікірінше, Президент ұсынған бастамалар жай ғана тапсырмалар тізімі емес, қоғамды жаңғыртудың кешенді жоспары. Жолдау ұлттық идеяның айқын көрінісіне айналып, Қазақстанды жаңа технологиялар мен жасанды интеллектке сүйенген өркениеттік жаңа жолға бағыттайды.
Жолдау - елдің болашақ дамуын айқындайтын тарихи құжат. Президентіміз Қазақстанды жаңа технологиялар мен жасанды интеллектке сүйенген өркениеттік жаңа жолға бағыттап отыр. Бұл құжат - жай ғана тапсырмалар тізімі емес, қоғамды жаңғыртудың кешенді жоспары, алдағы жылдарға арналған ұлттық идеяның айқын көрінісі.
Ең алдымен, жасанды интеллект пен цифрлық шешімдер ел дамуының өзегіне айналмақ. Осыған орай Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру және Цифрлық кодексті қабылдау ұсынылды. Кодекс үлкен деректерді, платформа экономикасын, жаңа технологияларды реттеп, инновациялық шешімдерге жол ашады. Мемлекеттік басқару жүйесі заман талабына сай қайта құрылып, ашықтық пен тиімділік жаңа деңгейге көтеріледі.
Экономиканы әртараптандыруға ерекше басымдық берілді. Жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға қолдау көрсетіледі. Инвестиция тарту саясаты түбегейлі қайта қаралып, өңірлердің тартымдылығы арнайы индекс арқылы бағаланатын болады. Өңдеу өнеркәсібін дамыту, жаңа өндіріс орындарын ашу, мұнай-газ және металлургия саласында терең өңдеу жобаларын іске асыру - нақты міндеттердің бірі.
Ауыл шаруашылығында да жаңа технологиялар кеңінен енгізілмек. Жерді тиімді пайдалану үшін спутниктік мониторинг пен жасанды интеллект қолданылады. Жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасы әзірленіп, барлық процесс ашық әрі әділ жүргізіледі.
Қазақстанның географиялық артықшылықтарын тиімді пайдалану үшін көлік-логистика саласы жаңаша дамиды. «Солтүстік - Оңтүстік», «Шығыс - Батыс» және Транскаспий дәліздері елімізді Еуразия құрлығындағы басты транзиттік орталыққа айналдырады. Бұл бастама Қазақстанның халықаралық саудадағы орнын күшейтеді.
Туризм саласы да жаңа деңгейге көтеріледі. Әсіресе Алматы облысындағы тау туризмі мен тау шаңғысы курорттары Қазақстанның халықаралық брендіне айналуға тиіс. Аймақтардың жауапкершілігі артып, туристік инфрақұрылым сапасына ерекше көңіл бөлінеді.
Жолдауда экономикалық және технологиялық бағыттармен қатар саяси жаңғыру да назардан тыс қалған жоқ. Президент бір палаталы Парламент құру мәселесін ұлттық талқыға ұсынып, бұл бастаманың 2027 жылы бүкілхалықтық референдум арқылы шешілетінін атап өтті.
Әр Жолдау – Қазақстанды жаңа дәуірге бастайтын стратегиялық бағдар. Жасанды интеллект, цифрландыру және инновациялар тек экономикалық өсімнің емес, ұлттың жаңа болмысының өзегі. Әділдікке, білім мен еңбекке сүйенген қуатты мемлекет құру – Жаңа Қазақстанның басты мақсаты.
Бүгін қабылданған шешімдер – ертеңгі ұрпақтың тағдырын айқындайтын тарихи таңдау. Қазақстан жаһандық бәсекеде өз орнын нығайтып, әрбір азаматқа жаңа мүмкіндік беретін мемлекет болуға бағыт алды. Ал негізгі тірегіміз - бірлігіміз, біліміміз және жаңа технологияларды игерудегі батылдығымыз.