Ғалымдар бауырдың басты жауын тапты, ол – алкоголь емес

/
Ғалымдар бауырдың басты жауын тапты, ол – алкоголь емес
istockphoto.com

Алкоголь ұзақ уақыт бойы бауырдың басты жауы болып саналды. Аздап ішкен ішімдіктің өзі уақыт өте келе гепатитке, циррозға және басқа да ауруларға әкелуі мүмкін. Бірақ жаңа зерттеулер спирт — жалғыз қауіп емес екенін көрсетті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Луисвилл, Бостон және Массачусетс (Лоуэлл) университеттерінің мамандары жануарларға зерттеу жүргізді. Тышқандар екі топқа бөлінді: бір топқа әдеттегі тағам берілді, екінші топқа 5 пайыздық этанолы бар диета ұсынылды. Алтыншы күннен бастап екі топқа да тәулігіне 1 мг/кг мөлшерінде ерекше қосылыстар — ПФАС (PFAS) берілді.

ПФАС деген не?

ПФАС — шамамен 70 жыл бұрын жасалған синтетикалық химиялық заттар тобы (оның ішінде PFOS және PFOA бар). Олар су, май және кірді кетіретін қасиетімен, қыздыру кезінде бұзылмайтындығымен және ондаған жылдар бойы тұрақтылығымен бағаланады.

Сондықтан ПФАС тефлон қаптамасында, қазан, табаларда, фастфуд қаптамасы мен бір реттік ыдыстарда, өртке қарсы қолданылатын көбікте, су өткізбейтін киім мен тоқымада, кілем, жиһаз, тіпті косметикада жиі қолданылды.

Басты мәселе – олардың тұрақтылығы. Бұл заттар табиғатта ыдырамайды, сондықтан оларды «мәңгілік химикаттар» деп атайды. Уақыт өте келе су, топырақ, ауа және адам ағзасында жиналады. Бүгінде ПФАС іздері Арктикада да, Жер тұрғындарының 98 пайызынан астамының қанында да анықталып жатыр.

Зерттеу нәтижесі бойынша, енгізілген «мәңгілік химикаттардың» 60 пайызына дейін бауырда жиналған. Бұл ағза оларды апталар бойы да, айлар бойы да шығара алмайды.

Сонымен бірге:

алкоголі бар жануарларда бауыр зақымдары әлдеқайда күшті болды;

ПФАС май алмасуын және ағзаның қорғаныс жүйесін бұзды;

химикаттар мен алкогольдің қосылуы майлы дистрофия, қабыну және фиброз қаупін күрт арттырды.

Бұл нені білдіреді?

ПФАС бауырға алкогольсіз-ақ зиян тигізеді. Бірақ спиртпен қосылғанда ағзаны тезірек бүлдіреді. Сарапшылар артық алкогольден бас тартуға, салауатты өмір салтын ұстануға және «мәңгілік химикаттар» бар тағам мен бұйымдарға мұқият болуға кеңес береді.

Бүгінде ПФАС бірқатар аурулармен, соның ішінде қатерлі ісікпен байланыстырылады. Тікелей дәлелдер әзірге жоқ, бірақ көптеген елдер бұл қосылыстарды толықтай тыйым салуды қарастыруда. Германия, Нидерланды, Норвегия, Швеция және Дания ресми түрде «мәңгілік химикаттарды» қолдануды шектеу жоспарын жариялады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары