Ақмола облысында көп салалы аурухананың дәрігеріне қызмет бабын пайдаланып жасалған алаяқтық үшін үкім шығарылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Шілде айында терапиялық бөлім меңгерушісінің міндетін атқарып жүрген кезде айыпталушы қант диабеті мен жүректің жедел коронарлық синдромы бар науқасты қабылдаған. Әйелді Астананың №2 қалалық ауруханасына жіберу керек болған, онда оған кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсетілуі тиіс еді. Алайда дәрігер науқасқа өз ауруханасында кардиохирургтың қабылдауына 1,5 млн теңге төлеуді ұсынған, бірақ ол үшін ешқандай келісім-шарты болмаған. Сол күні пациент айыпталушыға ақшаның үштен бір бөлігін аударған, ал келесі күні қалғанын берген.
«Сотталушының кінәсі оның өз кінәсін мойындаған айғақтарымен, жәбірленушінің және кардиолог-резидент дәрігердің көрсетулерімен, сараптама қорытындыларымен, айғақты заттар – тәркіленген ұялы телефондармен дәлелденді. Жауапкердің шын ниетпен өкінуі жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілді», – делінген хабарламада.
Дәрігерге екі жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, сот оған үш жыл бойы медицина саласында жұмыс істеуге тыйым салды.