Павлодарда өткен жасөспірімдер арасындағы хоккей ойыны төбелеспен аяқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
3 қыркүйекте жергілікті «Мұнайшы» клубы мен Түркістандық «Tigers» командасы арасында қайта жолдастық матч өтті. Алғашқы ойын 6:3 есебімен, павлодарлықтардың жеңісімен аяқталса, екінші матч 3:3 есебімен тең түскен.
Алайда жанкүйерлердің есінде нәтиженің өзі емес, мұз айдынындағы жанжал қалды. Ойын барысында екі хоккейші спорттық сәтке байланысты келісе алмай, жұдырықтасып қалды. Қақтығысты матчтың төрешісі тоқтатуға мәжбүр болды.
Айта кетейік, хоккей ережелерінде мұндай қақтығыстарға тыйым салынбаған, бірақ төрешілер тарапынан қатаң бақыланады.
Желі қолданушылары «Хоккейді осы үшін жақсы көремін, бұл сіздерге футбол емес», «Әлемдік деңгейдегі көптеген хоккейшілер әдейі бокс секцияларына барады – бұл құпия емес», деп түрлі пікір жазып жатыр.