Бүгін құтқарушылар 31 тамыз күні Қапшағай су қоймасында жоғалған ер адамның денесін тапты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, марқұмның денесі жағадан 5–6 шақырым қашықтықта байқалған. Құтқарушылар қайықтың көмегімен денені жағаға жеткізді.
Оқиға болған сәттен бастап құтқарушылар тәулік бойы ауқымды іздестіру жұмыстарын жүргізді. Операцияға тікұшақ, ұшқышсыз ұшу аппараты, гидроакустикалық «Эхолот» құрылғысы, 17 құтқарушы, 3 техника және 4 жүзу құралы жұмылдырылды.
Еске салайық, 31 тамыз күні сағат 15:00 шамасында «112» қызметіне 9-шы сорғы станциясы маңында қайықтың аударылғаны туралы хабар түскен. Қайықта екі ер адам болған: біреуі өз бетімен жағаға жетсе, екіншісі судың ішінде, жағадан шамамен 400 метр жерде көзден ғайып болған.