Ғалымдар күзде шаштың неге көбірек түскенін түсіндірді. Мамандардың айтуынша, бұл — аурудың белгісі емес, ағзаның табиғи физиологиялық ерекшелігі, деп хабарлайды turkystan.kz.
Пермь Политех ғалымдары зерттеуінде түсіндіргендей, бұл күннің қысқаруы мен гормоналды өзгерістерге байланысты. Әдетте адам тәулігіне шамамен 100 тал шаш жоғалтады. Бірақ күзде бұл көрсеткіш артады, себебі фолликулалардың бір бөлігі «тыныштық» фазасына өтеді.
Жазда күн ұзақ болғандықтан, ағзада серотонин мен D дәрумені мол бөлінеді. Олар қан айналымын жақсартып, шаш өсуін қолдайды. Ал мелатонин деңгейі төмен болады. Күз түскенде керісінше: серотонин мен D дәрумені азаяды, ал мелатонин көтеріледі. Бұл — шаш фолликулдарына өсуін баяулат деген белгі. Осы процестің нәтижесі 2-3 айдан кейін байқалады, сондықтан қазан-қарашада түсу күшейеді.
Қосымша факторлар да бар: жазғы ыстық, ультракүлгін сәулелер және стресс. Олар бас терісіне кешігіп әсер етіп, күзге қарай шаштың түсуін үдете түседі.
Эволюциялық тұрғыдан алғанда, бұл құбылыс — ата-бабамыздан қалған рудимент. Бұрын қыста қалың түк суықтан қорғаса, жазда күннен сақтайтын. Қазір бұл қызметтің маңызы жойылғанмен, механизм әлі сақталған.
Алдын алу үшін ғалымдар ағзаны кешенді түрде қолдауды ұсынады: дұрыс тамақтану, жеткілікті ұйқы, қалыпты физикалық белсенділік және стрессті азайту. Хроникалық күйзеліс қан айналымын бұзып, түсуге әсер етеді. Тіпті инфекциялар, соның ішінде COVID-19 да, уақытша шаштың жағдайын нашарлатуы мүмкін.