Таразда 14 жастағы оқушы төбелес кезінде пышаққа түсіп, қаза тапты. Күдікті ретінде тау-кен технологиялық колледжінің студенті ұсталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қайғылы жағдай 1 қыркүйек күні кешке Тараздағы аулалардың бірінде болған. Қансырап жатқан жасөспірімді кездейсоқ жүргіншілер байқап қалған. Олардың айтуынша, жедел жәрдем шақырылған сәтте бала әлі тірі болған, алайда дәрігерлер келгенде оның өлімін ғана тіркеген.
Күдікті сол күні ұсталды. Ол – 15 жастағы тау-кен технологиялық колледжінің студенті. Екі жасөспірім де таңертең мектептегі салтанатты жиынға қатысқан, ал кешке араларында жанжал шығып, ол төбелеске ұласқан. Қақтығыс кезінде біреуі екіншісіне пышақ сұққан.
Адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде кәмелетке толмаған күдікті ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде», – деп хабарлады полиция.
Еске сала кетейік, бұған дейін желіде қақтығыс мектеп аумағынан тыс жерде болғаны, ал жасөспірімдер бір-бірімен бұрын таныс болмағаны айтылған. Бар ақпаратқа қарағанда, жанжал тұрмыстық келіспеушіліктен басталған.