Нидерландыда 52 жастағы әйел сирек кездесетін аурудың кесірінен адамдардың жүзін емес, айдаһардың бейнесін көріп келген. Бұл туралы Live Science жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Әйелдің айтуынша, бала кезінде бәрі қалыпты көрінген. Алайда бірнеше сәттен соң олардың жүзі көз алдында мифтік айдаһардың қараңғы бейнесіне айналып кететін: үшкір құлақ, алып көздер, ашық сары, жасыл, көк не қызыл түсті көз. Мұндай елестеулер оның қалыпты қарым-қатынас жасауына кедергі болған.
Дәрігерлер оның миын МРТ арқылы зерттеп, лентикулярлық ядро маңында бірнеше зақымдануды тапқан. Бұл аймақтың бұзылысы зейін мен жадқа әсер етіп, тіпті шизофренияға алып келуі мүмкін. Сонымен қатар, зерттеу барысында миының бет пішіндерін және түстерді өңдейтін бөліктерінде әдеттен тыс белсенділік байқалған.
Мамандар әйелге прозопометаморфопсия диагнозын қойды: ол адамдардың жүзін бұрмаланған түрде көруге әкелетін неврологиялық дерт. Пациентке арнайы дәрілер тағайындалған, ал үш жылдық емнен кейін айдаһар бейнесіндегі елестердің көбі басылған.