Қытайда ересектерге арналған емізіктер күннен-күнге танымал бола бастады. South China Morning Post мәліметінше, сатушылар мұндай бұйымдар мазасыздықты азайтып, ұйқыны жақсартып қана қоймай, темекіні тастауға да көмектеседі деп сендіреді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ересектерге арналған емізіктер балалар нұсқасынан әлдеқайда үлкен болады. Бағасы 10 юаньнан 500 юаньға дейін (шамамен 1,4-70 доллар). Олар мөлдір силиконнан жасалып, түрлі түсті қорғаныс дискілерімен жабдықталған – ұстамды реңктен бастап ашық түстерге дейін. Кей онлайн-дүкендер айына 2 мыңнан астам осындай тауар сататынын хабарлаған.
Маркетплейстердегі пікірлердің басым бөлігі – оң. «Темекіні тастауға тамаша құрал. Психологиялық жайлылық береді, ашушаңдықты басады», – дейді бір сатып алушы. Басқа қолданушы «жұмыста уайымдағанда емізік сорамын, бұл маған бала кездегідей қауіпсіздікті сездіреді» деп жазған.
Алайда дәрігерлер денсаулыққа байланысты қауіп бар екенін ескертеді. Стоматолог Тан Каоминнің айтуынша, егер емізікті ұзақ уақыт пайдаланса, жақ сүйектің қозғалғыштығы шектеліп, шайнау кезінде ауырсыну пайда болуы мүмкін.
«Күніне үш сағаттан артық қолданса, бір жыл ішінде тістің орналасуы өзгеруі ықтимал», – дейді ол.
Сондай-ақ түнде ұйықтап жатқанда құрылғының бір бөлігін кездейсоқ жұтып қою қаупі барын да ескерткен.
Психолог Чжан Мо болса, ересектердің емізікке жүгінуі шешілмеген эмоционалдық қажеттіліктердің белгісі екенін атап өтті.
«Шынайы шешім – өзіңді бала сияқты жұбатуда емес, мәселені мойындап, оны шешуге қадам жасауда», – дейді маман.