Азаматық қоғам: бейжай қарама, үнсіз қалма!

Азаматық қоғам: бейжай қарама, үнсіз қалма!

Кейінгі жылдары азаматтық қоғам ұғымы көпқырлы мағынаға ие бола бастады. Көпшілік оны ең әуелі құқықтық мәртебе, яғни мемлекеттің азаматы ретінде белгілі бір құқықтар мен міндеттерді иелену деп түсінеді. Сонымен қатар азамат болу – тек құқықты пайдалану емес, қоғам өміріне белсенді араласу, өз пікірін білдіру, әлеуметтік бастамаларға қатысу деген түсінік те кеңінен қалыптасып келеді. Аға буын азаматтық қоғам ұғымын мемлекетке адалдық, міндеттерді ойдағыдай орындаумен байланыстырса, жастар оны еріктілік, белсенділік және әлеуметтік желілер арқылы ой-пікірін ашық жеткізумен байланыстырады. Жалпы алғанда, қазақстандықтар азаматтық қоғамды тек заңдық мәртебе ғана емес, елге жанашырлық танытып, қоғам дамуына үлес қосу парызы ретінде қабылдай бастады.

Қазақстанда азаматтық қоғам инс­ти­туттары тәуелсіздік алғаннан бері біртіндеп қа­лыптасып, саяси, әлеуметтік және эко­но­ми­калық дамудың маңызды бөлігіне ай­нал­­ды. Азаматтық қоғамды дамыту – де­мократиялық үрдістердің орнығуына, ха­лықтың құқықтық мәдениетінің артуына жә­не мемлекеттік басқарудың ашықтығын қам­тамасыз етуге ықпал ететін басты фак­тор­дың бірі. Сондай-ақ азаматтық қо­ғам – мемлекеттік биліктен тәуелсіз қоғам­дық бірлестіктердің, қозғалыстардың, кә­сі­би және ерікті ұйымдардың жиынтығы. Бұл институттар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, әлеуметтік проб­лемаларды шешу, мемлекеттің жауап­кершілігін арттыру сияқты маңызды мін­деттер атқарады. Қазақстан жағдайында аза­маттық қоғам демократиялық инсти­тут­тардың дамуын, ашықтық пен есеп беруді нығайтуды қамтамасыз етудің негізгі жолы болып отыр. 
Елімізде азаматтық қоғам инсти­тут­тары тәуелсіздік алған жылдар­дан бастап елеулі даму кезеңдерінен өтті. Ал­ғаш­қы қалыптасу кезеңіне 1990 жылдар­дың басын жатқызамыз. Тәуелсіздік жыл­дарын­да көптеген қоғамдық ұйым мен қор пайда болды. Олардың қызметі көбінесе қайы­рымдылық, білім беру, экологиялық жә­не әлеуметтік мәселелерді шешуге бағыт­тал­ды. Екінші кезең 2000 жылдардың басы­на тұспа-тұс келеді. Бұл – заңнамалық және институционалдық негіздердің дамуы. Осы жылдары «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» (2001 ж.), «Мемлекеттік әлеуметтік тап­­сырыс туралы» (2005 ж.) заңдар қабыл­данып, азаматтық қоғамның құқықтық алаңы айқындалды. 2010 жылдары аза­мат­тық қоғамның үшінші кезеңі қалыптасты. Осы әртараптандыру мен кәсібилену ке­зеңінде мемлекет пен үкіметтік емес ұйым­дар арасындағы әріптестік тетіктері дами түсті. Азаматтық бастамаларды қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары қабылданды. Ал 2020 жылдан бері төртінші кезеңі бас­тал­ды. Ол цифрландыру және азама­т­тық бел­сенділіктің жаңа формаларын қамтиды. Әлеуметтік желілер мен интернет-плат­фор­малар азаматтық қоғамды дамытудың жаңа құралдарына айналды.
Қазақстанда мыңдаған коммерциялық емес ұйым тіркелген. 2023 жылғы деректер бойын­ша Қазақстанда 22 000-нан астам ком­мерциялық емес ұйым бар, олардың 
14 000-ға жуығы белсенді жұмыс істейді. Олар­дың ішінде экологиялық қозғалыстар, жастар ұйымдары, адам құқықтарын қор­ғау ұйымдары, кәсіби бірлестіктер және қайы­рымдылық қорлары әртүрлі шаралар өткізіп, қоғамға қозғау салып келеді. Аза­мат­тық қоғам институттары маңызды әлеу­­меттік мәселелерді көтеріп, мемлекет­тік шешімдерге ықпал етуге ұмтылып отыр. Сонымен қатар азаматтық белсенділік ин­тер­нет алаңдарына көшіп, онлайн-пети­циялар, қоғамдық талқылаулар, ақпа­рат­тық науқандардың маңызы артты. Мем­ле­кет қоғамдық кеңестер, гранттық қар­жы­ландыру жүйесі арқылы ҮЕҰ-лармен өзара іс-қимылды күшейтуде. Жыл сайын аза­мат­тық бастамаларға бөлінетін мемлекеттік грант­тар көлемі шамамен 2,3 млрд теңгеге жетеді. Қоғамдық кеңестер саны – 230-дан астам, олар денсаулық, білім, инф­ра­құры­лым салаларын бақылауға қатысады.
Қазақстанда азаматтық қоғам инс­титуттары әлеуметтік даму мен тұрақ­ты­лық­қа үлес қосуда. Азаматтық қоғам ха­лық­тың өмір сапасын жақсарту, әлеуметтік жо­ба­ларды жүзеге асыру мен қоғамдық са­наны қалыптастыруда маңызды рөл ат­қарады. Шетел тәжірибесін зерделеу осы про­цестерді жетілдіруге көмектеседі. Мә­селен, Германия – әлеуметтік серіктестікті дамыт­қан ел. Онда үкіметтік емес ұйымдар денсаулық сақтау, инклюзия және қарт адам­дарды қолдау салаларында белсенді. Үкі­мет әлеуметтік жобаларды гранттар ар­қылы қаржыландырады. Азаматтық қо­ғам ұйымдары жергілікті билікпен өзара іс-қимыл жасап, ардагерлер мен мүге­дек­терді қорғау бағдарламаларын іске асы­ра­ды. Бұл азаматтық қоғамның әлеуметтік мем­лекетті нығайтуға қосқан үлесінің жақ­­сы мысалы.
Финляндияда экологиялық қозға­лыс­тар өте белсенді. Азаматтық қоғам негізінен қоршаған ортаны қорғау, орман ресурстарын ұтымды пайдалану және қайта өңдеу мәдениетін насихаттау бағытында жобалар жүргізеді. Үкіметтік емес ұйым­дар мемлекетпен тығыз серік-тестікте жұмыс істейді.  Бұл бағыт Қазақ-станда да өзекті. Мәселен, «Табиғат» эколо-гиялық бір­лестігі  Алматы облысында ағаш отыр­ғызу, су ресурстарын қорғау сияқты жоба­лар арқылы экологиялық сана қалып-тас­тыруда.
Ал Жапониядағы азаматтық ұйымдар таби­ғи апаттар кезінде халықты қолдау жүйе­сін дамытты. 2011 жылғы цунамиден кейін көптеген үкіметтік емес ұйым ерік­тілер қозғалысын үйлестіріп, мемлекеттің ресми құрылымдарына жәрдемдесті. Яғни, аза­маттық ұйымдар апат кезінде жедел әре­кет етуді үйлестіріп, мемлекеттің қолын ұзар­тады. Мұндай тәжірибе азаматтық қо­ғам­ның әлеуметтік маңызын айқын көр­сет­ті, сондай-ақ Қазақстандағы төтенше жағдай қызметтерін қолдауға үлгі бола алады. 
Норвегияда жастар ұйымдары білім, спорт және мәдениетті дамытуға бағытталған жобалар арқылы азаматтық бел­сенділікті қолдайды. Мемлекет грант­тық қаржыландыру, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және білім беру бағдарла­ма­лары арқылы қолдау көрсетеді. 
Канада мүмкіндігі шектеулі адамдарды қол­дайды. Онда үкіметтік емес ұйымдар ерек­ше қажеттіліктері бар адамдардың қо­ғамдық өмірге толық араласуын қам­та­ма­сыз етеді. Бізде де осыған ұқсас жобалар даму үстінде. Мысалы, Kasietti Zhol қоғам­дық қоры – церебральды сал ауруына шал­дыққан балаларды оңалту орталықтарын ашып, мыңдаған отбасына көмек көрсетіп келеді.
Халықаралық тәжірибелер көрсет­кендей, азаматтық қоғамды дамы­­­туда басты назар әлеуметтік маңызды жо­ба­ларға аударылады. Мамандар Қазақстан үшін қайырымдылық пен волонтерлік мәдениетті нығайту, экологиялық жоба­лар­ды қолдау, әлеуметтік аз қамтылған топ­тар­ға қолдау көрсету, жастар ұйымдарының бас­тамаларын дамыту маңызды екенін алға тар­тады. Бұл бағыттарды жандандыруға ке­дергі келтіретін бірнеше мәселе бар еке­нін де айта кетуіміз керек. Оған қоғамдық ұйым­дардың қаржылық тұрақсыздығы, ха­лықтың азаматтық белсенділік дең­гейі­нің төмендігі, құқықтық регламенттеудің кейбір қайшылықтары, сонымен бірге ақпараттық кеңістіктегі фейк жаңалықтар мен манипуляциялар жатады. Сондықтан азаматтық қоғамның толыққанды дамуы үшін азаматтардың құқықтық сауат­ы­н арттыру, ұйымдардың қаржылық жә­не институционалдық мүмкіндіктерін кеңейту, мемлекеттің ашықтығын қамта­ма­сыз ету, ауылдық жерлердегі азаматтық белсенділікті жандандыру аса маңызды.
Азаматтық қоғам – мемлекеттің стра­тегиялық әріптесі. Қазақстанда оның дамуы оң үрдістерге ие болып отыр. Әлеу­мет­тік кәсіпкерлікті дамыту бағытында кейбір ҮЕҰ-лар өз қызметін табыс көзіне ай­налдырып, мемлекеттен тәуелсіз жұмыс істеу­ге бейімделіп келеді. Сондықтан бұл ба­ғытты заңмен қолдау қажет. Цифрлық плат­формаларды кеңейту, қоғамдық ұсы­ныстар мен петицияларды қабылдайтын он­лайн жүйелерді енгізу, қоғамдық кеңес­тердің өкілеттігін күшейту, бюджет қа­лып­тастыру, өңірлік даму бағдарламаларын сараптау бойынша кеңестердің құзыретін нақтылау маңызды. 
Қазақстанда азаматтық қоғамды дамы­тудың әлеуеті зор. Халықтың білім деңгейі­нің өсуі, жастардың әлеуметтік желілердегі белсенділігі, халықаралық әріптестіктердің артуы – осы саланы нығайтудың маңызды ресурстары. Мемлекеттік органдармен диа­лог пен серіктестікті одан әрі жетілдіру, қоғам­дық бақылау институттарын дамыту, өңір­лік деңгейде белсенділікті жақсарту негіз­гі бағыттар болуға тиіс. 
Қазақстандағы азаматтық қоғам – ел де­мократиясының дамуы мен тұрақты­лы­ғының басты кепілі. Тәуелсіздік жылдары­нан бері бұл сала үлкен жолдан өтті: алғаш­қы қайырымдылық ұйымдарынан бастап, бүгінде цифрлық платформалар арқылы халықтың пікірін жеткізетін заманауи инс­титуттарға дейін жетілді. Әрине, ше­шілуі тиіс түйткілдер де аз емес: қаржылық тұрақ­сыздық, азаматтардың белсенділік деңгейі мен құқықтық мәдениет мәселелері әлі де күн тәртібінде тұр. Дегенмен жастар­дың белсенділігі, халықаралық тәжірибенің енгізілуі және мемлекет пен азаматтық сек­тор арасындағы сындарлы әріптестік бұл саланың болашағы зор екенін көрсетеді. Сон­дықтан азаматтық қоғамды нығай-
ту – тек ұйымдардың ғана емес, барша қа­зақ­стандықтардың ортақ міндеті.
 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары