Астанада «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының депутаты, Корея Демократиялық партиясының өкілі, ICAPP Парламенттік одағының төрағасы Ли Ге Хо бастаған Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Азия саяси партияларының халықаралық конференциясы (ICAPP) Парламенттік одағының делегациясымен кездесті.
Делегация құрамына Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының депутаттары – түрлі саяси партияның өкілдері және Корея Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің қызметкерлері енді.
Сөз басында Дәулет Кәрібек Қазақстан мен Корея бір-бірін достықтың, өзара сыйластықтың және тең құқылы ынтымақтастықтың көпжылдық тығыз қарым-қатынасы байланыстырып тұрған стратегиялық серіктестер ретінде қарастыратынын атап өтті. «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен ауқымды саяси және экономикалық реформалар жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. «AMANAT» парламенттік көпшілік партия ретінде оң өзгерістерді белсенді түрде қолдап келеді. Мәселен, қаржылық сауаттылықты арттыруды көздейтін «Қарызсыз қоғам», жерді мемлекет меншігіне қайтаруға арналған «Жер аманаты», ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға негізделген «Ауыл аманаты» жобаларын, сондай-ақ азаматтардың тұрмысын жақсартуға бағытталған өзге де бастамаларды жүзеге асырады.
Кездесуде ICAPP шеңберіндегі өзара байланысқа ерекше назар аударылды. «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы «AMANAT» ICAPP-ты диалог пен ынтымақтастық орнатудың бірегей алаңы ретінде қарастыра отырып, Азия мен Мұхит аймағындағы ірі саяси күштермен өзара байланысты дәйекті түрде нығайтып келе жатқанын және осы ұйымның негізгі іс-шараларына белсенді қатысатынын мәлімдеді.
Өз кезегінде, ICAPP Парламенттік одағының төрағасы Ли Ге Хо Қазақстанның Орталық Азиядағы Корея Республикасының стратегиялық серіктесі ретіндегі маңызын атап өтті. Оның айтуынша, ICAPP әр түрлі идеология мен дәстүрді ұстанатын 350-ден астам партияны біріктіреді. Дәл осындай формат айырмашылықтарды еңсеріп, сенім орнатуға ықпал етеді.
Тараптар ICAPP шеңберінде ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін растап, парламентарийлер, жастар және сараптамалық құрылымдар арасындағы байланысты жандандыруға уағдаласты.
Айта кетейік, биыл Азия саяси партияларының халықаралық конференциясы (International Conference of Asian Political Parties, ICAPP) құрылғанына 25 жыл толып отыр. Аталған ұйым 2000 жылы Филиппин астанасы Манилада құрылып, Азия мен Мұхит аймағы елдерінің саяси партияларын біріктіретін басты диалог алаңына айналды. ICAPP бүгінде Латын Америкасы, Африка және басқа да өңірлердегі серіктес құрылымдармен тығыз байланыс орнатқан.