Жұмысшы мамандықтар жылы: Ақмола облысында техникалық мамандықтарға қызығатындар саны артып келеді

Жұмысшы мамандықтар жылы: Ақмола облысында техникалық мамандықтарға қызығатындар саны артып келеді
gov.kz

Ақмола облысындағы кәсіпорындарда техникалық мамандардың тапшылығы бірте-бірте азайып келеді.

Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылы» бұл саланы дамытудың қосымша стимулына айналды: жұмысшы және инженерлік мамандықтар бойынша гранттар көбейіп, мамандықтардың беделі айтарлықтай өсті.Бүгінде студенттер алған білімдерін нақты істе қолдану мүмкіндігін көріп отыр. Ал облыстың кәсіпорындары өз кезегінде көптен күткен жас мамандарды қарсы алып, олардың кәсіби шыңдалуына жол ашуда.

Кадрларды сапалы даярлаудың айқын үлгісі – Көкшетау жоғары техникалық колледжі. «Тәжірибе арқылы білім беру» қағидасын басшылыққа алған бұл оқу орны бүгінде облыстағы ең заманауи білім ордаларының бірі саналады. Колледж базасында әлемдік стандарттарға сай жабдықталған 20 құзырет орталығы табысты жұмыс істейді. Колледжде машина жасау, құрылыс, энергетика, IT және басқа да маңызды салаларға қажетті мамандар дайындалады. Студенттер алған теориялық білімін тәжірибемен ұштастыру мақсатында «Тыныс» АҚ, «КАМАЗ Инжиниринг», «Қазақстан агро-инновациялық корпорациясы» секілді жетекші кәсіпорындарда дуальды оқудан өтіп, кәсіби шеберлігін шыңдайды.

Колледж әдіскері Тілек Сәбитованың айтуынша, оқу орнында кадрлар үш деңгейде даярланады: жұмысшы біліктілігі, техникалық және кәсіптік білім, сондай-ақ қолданбалы бакалавр дәрежесі. Бұл жүйе студенттерге өз мүмкіндіктеріне қарай білімін кезең-кезеңімен дамытып, кәсіби өсуге жол ашашады.

«Бізде 2 500-ге жуық студент білім алуда, екі жүзге жуық оқытушылар мен магистрлер жұмыс істейді.Оқыту 26 мамандық пен жүзден астам біліктілік бойынша жүргізіледі.«Көптеген студенттер оқуын тәмамдаған соң қаламызда қалып, еңбек жолын бастайды. Әсіресе дуальды оқыту жүйесінен өткендер үшін өндірістік тәжірибе – өздерін танытудың үлкен мүмкіндігі. Көп жағдайда жас мамандар тәжірибеден тікелей кәсіпорындарға жұмысқа шақырылады», – дейді колледж әдіскері.

Колледж цифрлық технологияларды қарқынды енгізіп келеді. Бүгінде мұнда мыңнан астам компьютер, VR-жабдықтар, 3D принтерлер мен түрлі тренажерлар бар. Осындай мүмкіндіктер студенттердің заманауи дағдыларды меңгеруіне жол ашып отыр. Сондай-ақ білім беру ортасы ерекше қажеттіліктері бар жастарға да толық бейімделген.

Колледж студенттері халықаралық деңгейдегі байқауларда да жоғары нәтижелер көрсетуде. Атап айтқанда, WorldSkills чемпионаттарында білім ордасының жастары үздік шықты. Соның ішінде өңірлік кезеңнің жеңімпазы Александр Цалко өз кәсіби болашағын IT саласымен байланыстыруды жоспарлап отыр.

«Қазір біз ауыл шаруашылығы мен картография саласында кеңінен қолданылып жүрген дрондармен жұмыс істеуді меңгеріп жүрміз. Колледж техникалық бағытта болғанымен, IT саласына деген сұраныс өте жоғары. Біз мұны оқу барысында күн сайын сезініп отырмыз», – дейді Александр Цалко.

Түлектер де жұмысшы мамандықтарының беделі күннен-күнге артып келе жатқанын айтады. Мәселен, машина жасау-технолог мамандығын игерген Максим Макулаков бүгінде өңірдегі кәсіпорындардың бірінде табысты еңбек етіп жүр.

«Мамандық таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Бір кездері ата-анам техникалық бағыттың болашағы зор екенін айтқан еді. Қазір соның шындығына көз жеткізіп отырмыз – мемлекеттік гранттар көбейіп, жалақы да өсіп келеді. Мемлекет тарапынан қолдау бар. Сондықтан жұмысшы мамандықтар күн өткен сайын тартымды бола түсуде», – дейді колледж түлегі Максим Макулаков.

Колледждің әлеуметтік серіктестері де өзара ынтымақтастықтың маңыздылығын ерекше атап өтеді. «Қазақстан агро-инновациялық корпорациясы» өндіріс бөлімінің басшысы Қайрат Дүйсенбековтің айтуынша, соңғы жылдары кәсіпорындарға келіп жатқан жас мамандардың саны едәуір артқан. Бүгінде жастардың көкірегі ояу кәсіби жұмыстарды таңдап, өндірісте еңбек етуге деген құлшынысы жоғары.

«Жұмысшы мамандықтарына бүгінде бұрынғыдан да жоғары сұраныс бар. Біздің кәсіпорында ауқымды көлемде құрал-жабдық шығарылады, сондықтан білікті мамандарға қажеттілік зор. Колледжде тәжірибеден өткен студенттердің 80 пайызы бізбен жұмысын жалғастыруда. Қазіргі таңда 360 қызметкердің шамамен 30-ы – осы оқу орнын тәмамдаған жас мамандар. Біз оларға тұрақты жұмыс беріп қана қоймай, кәсіби өсіп, біліктілігін арттыруға мүмкіндік жасаймыз», – деді Қайрат Дүйсенбеков.

Айта кетейік, Көкшетау жоғары техникалық колледжі бүгінде өңірдегі жұмыс күші тапшылығын еңсерудің маңызды буынына айналып отыр. Оқу орны заманауи білім беру технологияларын, тәжірибеге бағытталған оқытуды және бизнеспен тығыз ынтымақтастықты ұштастыра отырып, еңбек жолын жаңа бастаған мамандардың өндірісте сенімді қадам басуына жағдай жасайды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары