Шымкентте тұратын 64 жастағы зейнеткер Надежда Самогородская алаяқтардың арбауына түсіп, үйін сатып, ақшасын аударып жіберген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Отырар арнасының хабарлауынша, банк қызметкеріміз деп хабарласқан бәзбіреулер зейнеткердің пәтері аукционға шығарылғанын айтқан. Сөйтіп олар оның атынан біреуге қолхат жазу керек екенін, әйтпесе үйінен айырылып қаласың десе керек.
«Банкке бір адам сіздің қолхатыңызбен келуге тиіс. Сіз ауруханада жатқандықтан, сізге дереу ота жасалуы керек. Үйіңізді сатуыңыз керек. Сіз ол кісіге рұқсат беріңіз» деді. Ол маған оның толық аты-жөнін айтты. Мен мұндайға келіспеймін дедім. Содан соң күніне бірнеше рет хабарласатын болды. «Сіз бізге алаяқтарды қолға түсіруге көмектесуіңіз керек. Үйіңізді сатыңыз, 2 күннен кейін ақшаңыз бен үйіңізді қайтарамыз» деп әбден мазамды алды», – дейді зейнеткер.
Күніне сағатына бірнеше рет хабарласқан алаяқтар ақыры қарияны көндірген. Ақыр соңында зейнеткер гипноздап тастағандай күй кешіп, олардың бар айтқанын орындай бастаған.
«Әр сағат сайын хабарласатын. «Сіз қайда барасыз, сізге кім хабарлама жазып жатыр?» деп те сұрайтын. Мен зомби секілді жүрдім. Айтқанын орындадым. Ол өзі үйді сатуға қойды, кейін сатып алғысы келетіндер хабарласа бастады. Бірақ мен бәріне әзірше сатпайтынымды айттым.. Бірақ ол «Бүгін сатпасаңыз, үйіңіз аукционға кетіп қалады» деді. Содан соң сатып алушылар келе бастады. Басында пәтер құны 10 млн болған, сосын 4,5 млн теңгеге түсті. Полиция капитанымын деп таныстырған адаммен видеобайланыс арқылы сөйлестім. Ол «Ешкімге айтпаңыз, жария етсеңіз. бұл құпияны ашқаныңыз үшін абақтыға қамаласыз. Бізге көмектесуіңіз керек» деп үнемі ескертумен болды. Нотариусқа барғанымда да «Уайымдамаңыз, сізді бақылап отырмыз» деп мазамды алды. Үй сатылды, ақша қолыма түскен соң ол маған «Плазаға барып, ақшаны банкоматқа салыңыз. Біз оның шын я өтірік ақша екенін тексеруіміз керек» деді. Мен онда барып, түрлі есепшотқа 4,5 млн теңгені аударып жібердім», – дейді зейнеткер.
Содан соң ол алданғанын түсініп, полицейлердің көмегіне жүгініп, арыз жазған.
ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша қылмыстық істер қозғалды.