20 тамыздан бастап Қонаев қаласында автобустардағы жолақы өзгереді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қала әкімдігінің ақпаратынша, енді қала ішінде бір рет жол жүру құны электронды билет жүйесі немесе мобильді қосымша арқылы төлеу кезінде – 120 теңге, ал қолма-қол төлегенде 200 теңге болады.
"Тарифтің өсуі тасымалдаушылар шығындарының артуына, автобус паркін жаңартудың қажеттілігіне және қоғамдық көлік қызметінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге байланысты.
Жолақы неге қымбаттады:
- Жанар-жағармай бағасының өсуі
- Соңғы үш жылда бензин мен дизель отыны шамамен 40%-ға қымбаттады. 2023 жылы литрі 200–230 теңге болса, 2024 жылы – 240–270 теңге, ал 2025 жылы баға 290–310 теңгеге дейін жетті.
- Автобустарды күтіп ұстау құнының өсуі
- 2023 жылдан бері қосалқы бөлшектер, майлау материалдары, сүзгілер мен жөндеу жұмыстары 30-40%-ға қымбаттады. Сондай-ақ шинаның бағасы да едәуір өсті: егер бұрын бір дөңгелек 106–118 мың теңге тұрса, биыл 136 мың теңгеден асып отыр.
- Бюджетке түсетін жүктемені азайту
- Қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар бағыттар республикалық бюджеттен субсидияланады. Жолақының өсуі бюджетке түсетін салмақты азайтып, қоғамдық көліктің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – делінген хабарламада.
Қала маңына қатынайтын бағыттардағы жаңа тарифтер:
•Қонаев – Заречный, Қонаев – Арна: электронды жүйе арқылы – 150 теңге, қолма-қол – 300 теңге.
•Қонаев – Шеңгелді, Қонаев – Қоскұдық: электронды жүйе арқылы – 200 теңге, қолма-қол – 400 теңге.
•Қонаев – Сарыбұлақ, Қонаев – Кербұлақ: электронды жүйе арқылы – 200 теңге, қолма-қол – 500 теңге.