Жамбыл облысының Жуалы ауданының тұрғыны сот арқылы жұмысына қайта оралып, өтемақы өндіріп алды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сот деректеріне сүйенсек, ол 1991 жылдан бастап орта мектепте ұзартылған күн тобының тәрбиешісі, кейін тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. 2024 жылдың желтоқсанында зейнет жасына жеткен педагог оқу жылының соңына дейін жұмысын жалғастырғысы келетінін білдіріп, мектеп директорының атына өтініш жазған. Алайда оның өтініші ескерусіз қалып, мектеп директорының бұйрығымен зейнет жасына толуына байланысты жұмыстан босатылған.
Мұғалім бұл бұйрыққа сот арқылы шағымданып, өз қызметіне қайта тағайындауды, мәжбүрлі бос отыру кезеңіндегі орташа жалақыны өндіріп беруді және моральдық зиянды өтеуді сұрады.
Істі қараған сот мектеп тарапынан Еңбек кодексі, ұжымдық келісімшарт және салалық келісім талаптарының өрескел бұзылғанын анықтады.
Жұмыс беруші тарапынан еңбек шартын бұзу туралы белгіленген мерзімде ескерту берілмеген және қызметкердің құқықтары еленбеген.
«Жуалы аудандық соты педагогты жұмыстан шығару туралы бұйрықты жойып, талапкерді бұрынғы тарих пәні мұғалімі қызметіне қайта тағайындады, сондай-ақ 2024 жылдың желтоқсанынан 2025 жылдың мамырына дейінгі мәжбүрлі бос отыру уақыты үшін 2,1 млн теңге мөлшерінде жалақыны өндіріп берді. Бұдан бөлек, талапкердің пайдасына 100 мың теңге моральдық зиян үшін, 250 мың теңге өкіл қызметінің ақысы үшін өндірілді», – делінген хабарламада.
Анықталған бұзушылықтарға байланысты сот аудан әкімі аппаратының білім бөліміне алдағы уақытта мұндай жағдайларға жол бермеу шараларын қабылдау туралы жеке ұйғарым шығарды.
Мектеп директоры сот шешімін даулауға тырысқанымен, үкім өзгеріссіз қалды.