10 тамыз – Абай күні – Нұржол бульварында елорда ұлттық мереке рухына бөленді: қаланың мыңнан астам тұрғыны мен қонақтары ауқымды Домбыра Party-ға келді.
Ашық микрофон форматында өткен іс-шара барысында кәсіби және әуесқой домбырашылар күй шертіп, Абай Құнанбайұлының философиялық және поэтикалық образы ашылған әсерлі әуен әуелетті. Сонымен қатар азаматтар ұлы ақынның шығармашылығын дәріптеп, өлеңдерін оқыды.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елімізде 10 тамыз – Абай күні ретінде белгіленді. Президент «Домбыра – қазақтың жаны, ұлт болмысының айнасы» екенін жеткізді. Оның айтуынша, хакім Абайдың мол мұрасы – қазақ халқының ғана емес, барша адамзаттың өнеге алатын асыл қазынасы.
Хакімнің 180 жылдығы еліміздің барлық өңірінде атап өтілді. Республикалық жоспарға сәйкес, 100-ден астам ірі мәдени және халықаралық іс-шаралар өткізілді: өнертану форумдары, поэтикалық байқаулар, фестивальдер, спектакльдер, театрлық қойылымдар, тіпті Абай мұрасы бойынша челлендждер ұйымдастырылды.
Абай Құнанбайұлы қазақ тұтастығының символына айналды. Ол ұлттық поэзияны терең философиялық мағынамен үйлестіре отырып, ана тілімізді жаңа әдеби деңгейге көтерді. Оның «Қара сөздері» мен «Толық адам» тұжырымдамасы – білім алуға, адамгершілік тұрғысында өсуге, ұлт үшін еңбек етуге шақыратын философиялық ойлары – осы күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Қазіргі «Әділетті Қазақстан», «Еңбек адамы» идеяларының және «Адал азамат» тұжырымдамасының негізінде осылар жатыр.
Бірнеше күннен бері елордадан бастап, шағын қалаларға дейін Абайдың дара дауысы естіліп тұрды. Ұрпақтар арасындағы алтын көпір іспетті тұғырлы тұлғаның өлеңдері оқылып, күйлері орындалды. Астанадағы Домбыра Party – жай ғана концерт емес, бірегей дәстүр. Онда әр қатысушы ортақ мәдениетіміздің бір бөлігіне айналып, бірлігіміз бен ұлттық рухымыздан күш-қуат алады.