600 жылдан кейін оянған жанартауды көруге барған миллионер ажал құшты

/
600 жылдан кейін оянған жанартауды көруге барған миллионер ажал құшты
сурет: INSTITUTE OF VOLCANOLOGY AND SEISMOLOGY RF

Камчаткада танымал кәсіпкер, 59 жастағы Игорь Кан тікұшақ басқару кезінде қайтыс болды. Оқиға Крашенинников жанартауы маңында экскурсиялық ұшулар кезінде болған, деп хабарлайды turkystan.kz ресейлік РБК басылымына сілтеме жасап.

Ресми деректерге сәйкес, Кан басқарған Robinson тікұшағы Петропавловск – Камчатский – Долина гейзеров – Крашенинников жанартауы бағытымен ұшып шыққан екі тікұшақтың бірі болған. Ұшудан кейін жанартау маңында кенеттен өзін жайсыз сезінген кәсіпкер төтенше жағдайға қарамастан тікұшақты қауіпсіз түрде қондыра алған. Екінші ұшқыш оны эвакуациялауға тырысқанымен, жол-жөнекей жүрегі сыр беріп, Игорь Кан қайтыс болған.

Мәліметтерге сүйенсек, Игорь Кан Камчаткада балық шаруашылығы саласында белгілі кәсіпкер болған. Ол жағалаудағы теңіз балық аулауымен айналысып келген және жарғылық капиталы 40 миллион рубльден асатын «Сервис Отель и СПА» ЖШС-нің басшысы ретінде танылған.

Қазір бұл оқиға бойынша Камчаткадағы көлікке жауапты тергеу органдары тексеру жүргізіп жатыр. Тергеу комитеті «Тұтынушылар өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін қызмет көрсету» бабы бойынша іс қозғау мүмкіндігін қарастыруда.

Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігі тікұшақтар оқиға орнында қонғаннан кейін қалған жолаушыларды Ми-8 арнайы бортымен Елизово қаласына эвакуациялағанын хабарлады.

Оқиға Кроноцкий қорығының аумағында болған. Telegram-арналардың мәліметінше, Игорь Канға ұшу кезінде жүрек тұсы ауырғанын сезгенімен, жағдайды бақылауда ұстап, тікұшақты қауіпсіз жерге қондыруға мүмкіндік тапқан. Алайда, дәрігерлер келгенге дейін оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары