Салтанат Ерсұлтан: Қазақтың жыр-термесін әлемге танытқым келеді

/
Салтанат Ерсұлтан: Қазақтың жыр-термесін әлемге танытқым келеді

Жуырда 1-3 тамыз күндері Қырғыз елінде дәстүрлі мәдениет пен музыкаға арналған алғашқы «Рух-санаты» Дүниежүзілік фестиваль-байқауы өтті. Дәстүрлі өнер саласындағы ірі халықаралық фестивальге 37 елден келген жүзден астам орындаушы қатысты. Фестиваль аясында дәстүрлі музыкаға арналған халықаралық конкурс ұйымдастырылды. Алдын ала іріктеуден өткен 8 жеке орындаушы мен 14 мемлекеттен 12 шығармашылық топ өтті. Олардың арасында өткен сайыста жас жыршы Салтанат Қайратқызы жеке орындаушылар арасынан лауреат атанып бірінші орын иеленсе, ансамбльдер арасынан Қазақстаннан Tengri Saz ансамблі де бірінші орынды қанжығасына байлады. Біз К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті, байқау жеңімпазы Салтанат Ерсұлтаннан шағын сұхбат алған едік.

– Салтанат, жуырда алған жүлдеңмен, қазақ елін қуанышқа бөлеген зор жеңісіңмен шын жүректен құттықтаймыз. Алдымен бұл өнерге қалай келгеніңді, өнердегі алғашқы баспалдағың қалай басталғанын білсек.

– Мен Қызылорда облысы Арал ауданында дүниеге келдім. Ал өсіп-жетілген, өнерге қадам басқан мекенім –  ару қаламыз Астана. Алты жасымнан Қазақ Ұлттық өнер университнтінің мектеп-интернатында 9 жыл қылқобыз аспабында әйгілі күйші, композитор Әлқуат Қазақбаевтың шәкірті болдым. Өнерге қылқобыз арқылы келдім. Жетіген, саз сырнай, шаңқобыз аспабын меңгеріп өнер мектеп-интернатында музыка саласында білім алдым. Алғашқы ұстазыма келер болсақ, өмір мен  өнерге бағыттап  ұштап отырған,  жол көрсетіп, менің тілеуімді тілеп қолдап жүрген өзімнің анам. Қобызбен ән салу,  жыр-терме орындауды 10 сыныптан бастадым. Республикалық, халықаралық «Бозторғай», «Шабыт» фестиваль-конкурстарына қатысып жеңімпаз болып, бас жүлдеге ие болдым. Одан кейін де республикалық термеші-жыршылар конкурстарына қатысып, жеңімпаз атанып жүрдім. Халықаралық «Мен Қазақпын» мега жобасының финалисті болдым. Одан кейін де көптеген  фестивалдер мен конкурстарға қатысып келемін. Ал қазір ізденіс үстіндемін.

– Енді әңгіме арнасын кешегі өткен конкурсқа қарай бұрсақ. Бұл конкурсқа қатысуға кім ықпал етті? Бұл байқау туралы қайдан білдің?

– Байқау туралы өзімнің ұстазым әрі анам, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор Елмұра Жаңабергеннен естідім. Анам осы фестиваль аясында өтетін ғылыми конференцияға қатысу керек болған еді. Бағдарламасын анама жіберген кезде халықаралық «Рух-санаты» конкурсы бар екенін білді. Бұл мамыр айы болатын. Бағымды сынап көрейін деп жаздай дайындалдым. Бұл фестиваль-конкурстың ерекшелігі әр елдің, әрбір халықтың өзінің дәстүрлі (күй, ән, ансамбльмен орындау) өнерін кәсіби тұрғыда көрсету екен. Қазылар алқасының құрамында түрлі елдерден келген танымал музыка зерттеушілері, этнографтар мен өнер шеберлері болды. Олар қатысушылар орындаған шығармалардың түпнұсқасы сақталуын, дәстүрлі музыкалық аспаптарды меңгеру деңгейін және ұлттық мәдени дәстүрлерді бұзбай орындауды бағалады. Дәстүрлі өнер үшін мәні зор конференцияға Қазақстан тарапынан этномузыкатанушы Саида Елеманова, Фатима Нұрлыбаева, Гүлмира Мұсағұлова сынды ғалымдарымыз бен өнерпаздарымыз қатысты. 

– Байқау талаптары қандай болды?

– Конкурс барысында әр елден келген орындаушыға 15 минут уақыт берілді. Конкурс екі аталым бойынша өткізілді. Оған 34 елден келген 100 орындаушы қатысты. Конкурс екі бөлімнен тұрды.  Бірінші бөлім жабық түрде онлаин форматта өтті. Екінші бөлімінде  12 жеке орындаушы мен 8 ансамбльмен орындаушылар іріктеліп, бақ сынастық. Дүниежүзілік «Рух-санаты» фестиваль-конкурсының мақсаты – әр елдің ұлттық дәстүрлі өнерін сақтап әлемге жеткізу, жалғастыру, насихаттау болды. Байқауда қазақ жеріндегі жыраулық дәстүрдің жалғастығын және сыр бойындағы жыр өнерінің мақамдарын кезеңдерге бөле отырып, бүгінгі күнгі өнер жалғасын көрсетуге тырыстым. Конкурс кезінде бір қызық жағдай болды. Мен жеребе тартылар кезде үлгермей, өздері бес деген санды алған екен. Бірақ мен оныншы нөмірмен шығатынымды алдында анам айтқан еді. Сонымен конкурс кезінде менің киетін киімім көлікте қалып, ақырында оныншы болып шықтым. Байқауға үш терме дайындадым. Бірінші шығармаға Асан қайғының «Ойлан»  атты термесін таңдадым. Ол шығарманы бақсы Қантай Әбуқызының «Құрмет» деп аталатын сарынымен орындадым. Себебі бұл сарын көне дәуірлерді елестетіп, үлкен ойға жетелеп, терең толғаныспен тебірентіп, тұла бойыңа сілкініс береді.

Екінші туындыға Нартай Бекежановтың «Гигигай» деген термесін таңдадым. Ортаны көтеріп шалқытып, үлкен шабыт беретін шығарма. Бұл 19-20 ғасырлар арасындағы жыр өнері. Нартай ақынның  өз алдына бөлекше әуен-мақамдармен өрнек салған жаңашыл, дарынды адам болғанын білесіздер. Одан кейін анам Елмұра Жаңабергеннің туған жеріне арнаған «Аралым» деген толғауын орындап шықтым. Бұл мақам «Елмұраның маңырамасы» деп аталады. Бұл мақамды жырау Алмас Алматов осылай атаған екен. Бұл мақаммен «мен» орындаушылардың орындауға шамасы келмейді. Кең тыныс, зор дауыс, әдемі бояу, сұлу иірімдер жүрекпен орындауды керек етеді. Анам бұл туындының сөзін де, мақамын да өзі шығарған. Осы үш шығармам 12 минутқа жеткен болатын. Арнайы 2 млн теңгеге тапсырыс беріп тіккізген сахналық көйлегім де үлкен бағаға ие болды.

– Тамаша. Өнер жолында алға қойған қандай мақсаттарың бар?

– Менің өмірдегі бар арман-мақсатым – дәстүрлі ән-жыр өнерін насихаттап, ұлттық құндылығымызды жалғастырып, осы қылқобыз аспабында орындалатын жыр мақамдарын дамытып, үлкен мектеп етіп жалғастыру. Қазақтың жыр-термелерін әлемге танытқым келеді. Мұны борышым деп санаймын. Сонымен қатар «Анимациялық кино режиссурасы» мамандығын тәмамдағандықтан, бұл өнерді анимациялық мультфильмдермен өрнектеп, қазақтың жыр-дастандарын насихаттасам деймін. Қазір университетте «Дәстүрлі ән» бағыты бойынша 3-курста оқып жатырмын. Жақында тағы үлкен жаңалығымыз болады деп күтіп отырмыз. Осы Асан Қайғының «Ойлан» шығармасына клип дайындаудамыз. Оны алдағы уақытта көретін боласыздар.

– Бәрекелді, мақсатыңа жетіп, ұлттық дәстүріміз бен өнеріміздің дамуына үлес қоссам деген арманың орындала берсін! Сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан

Наурызбек САРША

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары