Баяғыда Қазақстан Жазушылар одағында істеп жүргенімде Асқар Сүлейменов пен Тәкен Әлімқұлов секілді дегдарлармен етене араластым. Олар жыл сайын Абайды міндетті түрде бір рет оқитын. Оқып келеді де, Абайды басқа қырынан танығандарын айтып, таңдай қағысады. «Қайтсек, Абай армандаған елге айналамыз?» деп мұң кешеді. Олар Абайды оқысақ, ауырамыз дейтін. Бастабында байыбына толық бара алмадым. Мен үшін Абай өте «түсінікті» еді. Мен де жыл сайын Абайды тапжылмай, бастан-аяқ бір рет оқимын. Жылдар өте келе сол ағаларымыздың «дертін» жұқтырдым.
10 тамыз – «Қазақтың бас ақыны», хакім Абайдың туған күні. Еліміз бұл мерейтойды ерекше атап өтіп жатыр. Мереке қарсаңында абайтанушы ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбайдан сұхбат алған болатынбыз. Ол: «Абай – алып мұхит. Оны зерттеген сайын тереңіне сүңгисің. Бір құпиясын аштым десең, ар жағынан тағы бір сырлы әлем шығады», – дейді.
Абаймен «ауырған» адам адаспайды
– Абайтану мектебінің ұзақ жылдық тарихы бар ғой. Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны» дегеннен бері ғасырдан астам уақыт өтті. Әуезов, Мұхамедхановтар бастаған ізгі де күрделі жолы Сіздер жалғастырдыңыздар. Әр тақырыпта, әр аспектіде, мәтін талдаудың әртүрлі методикасымен жан-жақтылы қарастырылып келеді. Абай әлемін, Абай заманын, Абай тұлғасын, Абай шығармашылығын және хакім өмірін зерделеудің зор жүлгесі қалыптасты. Десе де, кейінгі жас ұрпақ абайтануды осы бағытта індетсе екен дейтіндей ой-пікіріңіз, берер бағытыңыз бар ма? Абайды әлі де тереңірек зерттеудің қандай жолын нұсқар едіңіз?
– Өте күрделі сұрақ қойып отырсың. Өйткені Абай – таусылмайтын тақырып. Оның құпиясы мол. Бірін індетсеңіз, екіншісі шығады. Оның өрімін тарқаттым-ау десеңіз, келесі бір жұмбақ әлемге аяқ басасыз. Мен бала жасымнан Абаймен ауырдым. Сол кездің өзінде-ақ Абайды таныдым, түсіндім деп ойладым. Бірақ жыл өткен сайын Абай әлемінің құпиясы көбейе түсті. Терең мұхиттың бір тамшысын зерттеп, тұтас мұхиттың сырын ұқтым деуге келмейтінін барша ақылды адам біледі. «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек, Ақылың – ашыған у, ойың кермек» дейді. Абайды бала кезде, жастық шақта оқығанда бұл жолдар қарапайым ақсақалдың күнде айтатын ақыл-кеңесі есебінде еді. Қырықтан асқан соң барып, тереңіне сүңги бастадым. «Ақылдың ашитынын, ойдың кермек татитынын» білген сайын кеудені шер бұлты торлады. «Кермекті» ақыл мен қайрат арқылы жеңуге ұғына түстім. Сондықтан Абайға барар жол – ешқашан тегіс, бұдырсыз емес, «соқтықпалы, соқпалы». Оны оқыған адам өзінің таным-түсінігі, өмірлік тәжірибесі, адами келбеті, мінез мұғдары, білім мен ілім деңгейіне қарай сіңіреді. Әркім өзінің керегін алады. Абайды шын түсінуге тырысқан, оның ой сорабын ұстануға ұмтылған адамның адасқаны, от басқаны кемде-кем.
Болашақта абайтанушылар хакімнің ой тереңін бізден де жете зерттейтініне сенемін. Мың жыл бұрын жасаған даналардың идеялары ескірді ме? Жоқ. Өйткені адам адам болып жаралғалы Адам болып өмір сүруді үйренумен келеді. Миллиардтаған адамды жөнге салып, «толық адамға» айналдыру мүмкіндігі өте аз. Зияткер қоғам, кісі ақысы мен оның жеке құқын қорғауға барлық заң-зәкөні бейімделген дамыған елдердің өзінде шешілмеген түйін көп. Сондықтан, адамның Адам боп өмір сүруі үшін ұлылардың ойлары мен қағидаттарын терең түсінгеніміз жөн.
Баяғыда Қазақстан Жазушылар одағында істеп жүргенімде Асқар Сүлейменов пен Тәкен Әлімқұлов секілді дегдарлармен етене араластым. Олар жыл сайын Абайды міндетті түрде бір рет оқитын. Оқып келеді де, Абайды басқа қырынан танығандарын айтып, таңдай қағысады. «Қайтсек, Абай армандаған елге айналамыз?» деп мұң кешеді. Олар Абайды оқысақ, ауырамыз дейтін. Бастабында байыбына толық бара алмадым. Мен үшін Абай өте «түсінікті» еді. Мен де жыл сайын Абайды тапжылмай, бастан-аяқ бір рет оқимын. Жылдар өте келе сол ағаларымыздың «дертін» жұқтырдым. Абайды оқығанда апталап жатып қалатын болдым. Еңсемді көтере алмайтынмын. Ондай кезде досым Жәнібек Кәрменов келіп, Абайдың әндерін орындап, бойымды тіктеуге септесетін. Абаймен ауырып, Абай әндерімен сауығатын едім. Қазірге дейін сол күйді бастан кешіп келемін. Абайды оқысам, ауырамын. Бұл ауру – ұзақ жылдық дағдыға айналды. Абайды оқымасаң, көңілің қоңылтақсып, әлдебір бағытсыз түзге бет алғандай боласың. Ал Абаймен сырлассаң, елдің, жердің, қоғамның ертеңін ойлап, дос пен қастың аражігін ажыратып, өзіңе «Мен кіммін?» деген сұрақты қоясың. Бұл сені дертті етеді.
Абай жүрек сөзін 167 рет қолданған
– Абайдың жүрек философиясын терең сезінгенін айтып жүрсіз. Осы тақырыпты қысқаша түсіндіре кетсеңіз.
– Абай өз шығармаларында тек қана «жүрек» деген сөзді 167 рет қолданады. Арабтарда «Кальф философиясы» (Жүрек философиясы) деген ұғым бар. Олар оны індете зерттеген. Абай қолданған 167 жүрек хәлін сол философия шарттары арқылы сараласаңыз, 167 түрлі мағына-мән шығады. «Қалыпты жүрек», «тыныш жүрек», «ессіз жүрек», «ауру жүрек», «жылы жүрек», «суынған жүрек», «асау жүрек», «ыстық жүрек» деп кете береді. «Ауру жүрек ақырын соғады жай» дейді. Ауру жүрек – мына өмірдің азап-ғазабын көрген, татарын татқан, пендешілікке ұрынған, тұншыққан жүрек. Неге тұншығады? Өйткені жол таба алмады. Жол табу үшін таным керек. Суынған жүрек – тәркі дүниенің бейнесі. Адамның пәни мен бақи арасындағы өмір өткелегін «жүрек» арқылы әртүрлі аспектіде талқылап, оқырманына ой салады.
«Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені – батыр кісі дегені. Онан басқа жүректің қасиеттерін анықтап біле алмайды. Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, езіле ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі. Асықтық та – жүректің ісі. Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады» дейтіні де сондықтан. Осы бір тұжырымға тереңдеп бойласақ, Абайды шын тануға жақындай түсеміз. Абай жүрек философиясын Шығыс және Батыс философиясымен ұштастыра отырып, кең ауқымда зерттеген. Өз жүрегіне үңіліп, «жүректің көзін ашуға» барын салған. Мұндай ізденімпаздық тек дана адамдардың жолы. Қарапайым халық үшін жүрек «еттен» ғана тұрады. Біз Абайды оқығанда, көзбен емес, жүрекпен оқуымыз керек. Біз ет-жүректің қағуы, ет-жүректің бұлқынуы, ет-жүректің ауруын ұқтық, алайда «ашынған, күйген, сүйген жүректі» зерделей алмадық. Оның әрқайсы хақтық сипатқа ие.
«Гете – неміс ақыл-парасатының империясы» деген сөз бар. Гитлердің: «Бізге қазір қару империясы керек» деп уақытша Гетені тоқтатып, фашистік бағытқа тұтас елді бұру себебі – немістер Гетеден жырақтамаса, онда ессіз ұранға ермейтінін білді. Гете – немістің жан дүниесі. Пушкин – орыстың жан дүниесі. Абай – қазақтың жан дүниесі. Оларсыз халықтың өркендеуі мүмкін емес. Абай – қазақ ақыл-ойының империясы. Біз Абайды оқуды, оны түсінуді тоқтатсақ, оны өміріміздің айнасы ете алмасақ, оны қазақ қоғамында кері процесс басталатынын ұғуымыз керек. Гетені шетке ысырған неміс халқы қандай жапа шеккенін бүкіл әлем біледі. Абай да, Гете де, Пушкин мен Толстой да – ұлы гуманистер. Олар өз халқының ғана емес, тұтас адамзаттың өркендеу жолын нұсқаған жандар. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» концепциясы – гуманистік идеяның алтын қазығы.
Махатма Гандидің: «Әлемдік ақыл-ой салтанатына үлес қоспаған ұлттың өмір сүруге қақысы жоқ» дейді. Біз Абай арқылы әлемдік мәдениет салтанатына үлес қостық. Егер Абай болмаса, онда қазақ ұлтының әлемге жарқыратып көрсетер ерен тұлғасы болар ма еді?!.
Адамзаттың ақыл-ойын сараптап, кілең алғабасарларының ой-тұжырымын зерттейтін ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры Майор Федерико: «Абай – адам ақыл-ойының жылуы» деді. Мұнан артық қандай баға керек. Ол Абайдың төрт-бес тілге аударылған шығармаларын оқып барып, айтқан болатын.
Егерде ұлылардың ақыл-ой қатпарын, үгіт-насихаттарын, адам мен әлем, адам мен қоғам арасындағы диалогтарын, өмір сүру дағдыларын зерттеп, оларды белгілі дәрежеде түсінуге болады. Айталық, Әуезовтің «Абай жолындағы» Абайды оқысаңыз, ұлттық арман-мұраты, мақсат-межесі, елдің асыл қасиеттері сан алуан тақырып бойынша көркем бейнеленген. Онда Абайдың жан әлемінің жауһар сырлары қатталған. Бірақ бәрібір ол – Мұхтар Әуезовтің Абайы. Егер бір көркем шығарма арқылы оның барлық құпиясы ашылатын болса, онда ол ұлы тұлға емес, зияткерлердің бірі болмақ. Абай ол өлшемге сыймайды. Өйткені Абай – дана, Абай – кемеңгер. Әлемде зияткер, оқымыстылар көп. Бірақ «мыңмен жалғыз алысатын» даналар, заманына оза туған данышпандар өте сирек.
Абайдың сұрағы – әлемдік сұрақ
– Абай қазақ қоғамына экзистенциалистік сұрақты қойды. Одан бұрын дидактикалық сұрақтар көп еді. Абай қазақ қоғамына жалпыадамзаттық мәселелерді алып келді. Дәстүрлі қоғамда ғұмыр кешкен адамның мұндай тақырыптарға ден қоюына не түрткі болды деп ойлайсыз?
– Дұрыс айтасың. Көркем философиялық ойлау жүйесінде «катарсис», «каллизия» деген ұғым бар. Ғалам мен ғалам қағысқанда, заман мен заман қағысқанда, бір ақыл-ой мен екінші ақыл-ой қағысқанда, сондай кезең болады. Мұндай шақты Еуропа ертерек бастан кешті. Ал көшпенділер ХІХ ғасырда бетпе-бет келді. Абай сол дәуірді жұлын-жүйесімен сезінген жан. Оған дейінгі көшпенділер қоғамында ондай катарсистік тұңғиық бола қоймаған. Каллизия – бітіспейтін қарама-қайшы қайшылықтар. Енді қайтпек керек? Қазақ сахнасына «зар заман» қайдан шықты? Мұндай дәуірді олар да бастан кешкен. Бірақ Абай дәуірінің сұрқы бөтен еді. Кез келген тығырықтан шығу үшін адам ойлануы керек. Ойланған адам өзіне сұрақ қояды. Сұрақ қойған адам оның жауабын да табуға ынталы болады. Абайдың сұрағының жаңа болуы – оның қоғамы ескі мен жаңаның, бостандық пен бодандықтың өткелінде тұрған еді.
Абай – жаңашыл адам. Оның даналығы сонда, тұтас адамзаттық сұрақтарды көңіл көзімен де, білім шуағымен де ерте сезіп, оны зерттей алуында. Абай «Шығысым Батыс, Батысым Шығыс болып кетті» деп текке айтқан жоқ. Яғни, көшпенділер қоғамындағы дағдарыстың түп себебін жан-жақтан іздеген. Ол қазақтың ойлау жүйесін, өмір философиясын жете түсінді. Оны мейлінше меңгерді. Бірақ заманның сұрқы бөтен. Сол үшін де ол жаңа сұрақ қойды.
– Абай философиясының негізгі каноны «Адам кім?» деген сұраққа жауап іздеу ғой. «Мен кіммін?», «Адам кім?», өзіңіз айтып отырған «жүректің ісі не?» дегендей адамның жаратылысы, болмысы туралы ойларға барынша мән беруінің сырын қалай түсіндіруге болады?
– Абай «Адам кім?» деген сұрақты өзіне қойып, жеке өзі жауап табуға тырысты десек, қателесеміз. Абайдың «Қырық үшінші қарасөзінде» жан қуаты туралы кеңінен толғайды. Сонда «бұл қуаттың ішінде үш артық қуат бар» деп олардың орысша атауын береді. Яғни, «подвижной элемент», «сила притягательная однородного», «впечатлительность сердца» деп арнайы тоқталып, осы ұғымдарды тарқатады. Мен Абай мұны қайдан алды деп көп ойландым. Көп іздендім. Орыстардан бұл ұғымды таба алмадым. Сөйтсек, бұл ұғымдар неміс философтарынан келген екен. Ислам философы Ғазали де жанның төрт мағынасын зерттеген. ХХ ғасырда ғұмыр кешкен Мұхаммад Икбал да жан ұғымын зерделеген. Солардың бәрін оқыдым. Абай айтқан үш ұғым жоқ. Елімізде абай философиясынан, абайтанудан 22 докторлық диссертация қорғалды. Кандидаттық диссертация 40-тан асады. 7-8 диссертация Абай философиясы бойынша қорғалған. Солардың бәрін оқып шықтым. Бірде-бірінде жоғарыдағы Абай айтқан үш ұғым жоқ. Орыста, исламда жоқ болса, Абайдың өзі ойлап тапты ма? Жоқ, өйткені орысша атауын беріп тұр. Мен бұған қайран қалдым. Ақыры, қазіргі заман ақпараттық ғылымының білгірі, үлкен абайтанушы Сұлтан Ыбырай деген ғалымға қолқа салдым. Соған: «Абай осы ұғымдарды қайдан алды? Соны іздейік» дедім. Жер-көкті шарлап жүріп ақырып таптық. Беккер деген неміс философы екен. Оның еңбектері орысшаға аударылыпты. Оның еңбектері Ресейдің гимназияларында оқытылыпты. Сол жан үшке бөлінеді депті. Оның ұғымдарымен салыстырсақ, Абайдікімен бірдей. Тек Абай оның ұғымдарын «асау жүрек» деген қазаққа жақын ойлармен жеткізген. Мұны айту себебім, Абай Батысты да, Шығысты да оқыған. Жай оқымаған, оны зерттеп, зерделеген. Өзінің ой-тұжырымына сәйкес келгенде барып, пәлсапалық көзқарастарына қосқан. Абай ешқандай тұжырымды жай долбармен жазбаған. Осыны тапқан соң мен Абайға таңғалмайтын болдым. Оған сендім.
«Абайды оқып, түсініп болдық па?» деген сұрақты жиі қоямыз. Біздің академиктер, докторлар таппаған жұмбақты қарапайым халық қайдан ұқсын. Әуелгі сұрағыңда болашақ абайтанушылар қай бағытта ізденгені жөн дедің ғой. Оларға Абай әлемінде зерделейтін дүние көп. Тек Абайға барар жолды дұрыс таңдауы керек. Абайға жүрекпен барған жөн. Абай техникалық таныммен ойлайтындарға өзінің сырын ашпайды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ