LLDC: Жолдардың бәрі мұхитқа апармайды

/
LLDC: Жолдардың бәрі мұхитқа апармайды
Akorda

Теңізге тікелей шыға алмайтын елдер жаһандық экономикада көбінесе аутсайдер ретінде қабылданады. Алайда бұл түсінікті қайта қарастырудың уақыты келді. Түрікменстанның Аваза қаласында өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған үшінші конференциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай ой айтты.

Мемлекет басшысының сөзінде тұ­тас Орталық Азияның ұмты­лы­сы, географияны өсім мен өзара бай­ланыс факторына айналдыру жолындағы нақ­ты қадамдар көрініс тапты. Инф­ра­құры­лым, цифрлық технология, климат пен көлік дәліздері сияқты мәселелерге ба­сымдық бере отырып, Президент қа­зіргі жаһандық сын-қатерлер аясында LLDC елдерінің орнын жаңаша пайым­дау­ға шақырды. Қазақстан үшін бұл бас­тама – тарихи миссияның жалғасы. Се­бебі теңізге шығар жолы жоқ елдердің ал­ғашқы жаһандық конференциясы осы­дан 20 жыл бұрын Алматыда өткен еді.

Кедергі емес, қозғаушы күш

Авазада өткен Біріккен Ұлттар Ұйы­мы­ның үшінші конференциясында сөз сөй­леген Мемлекет басшысы теңізге шы­ғар жолы жоқ дамушы елдердің ал­дын­да тұрған өзекті мәселелер мен олар­ды шешудің нақты жолдарына тоқталды. Пре­зидент бұл конференцияның маңы­зы зор екенін айтып, Қазақстанның осы ба­ғыттағы тарихи рөліне де шолу жа­сады.

– Жиырма жылдан астам уақыт бұ­рын Қазақстан Теңізге шығар жолы жоқ да­мушы елдерге арналған БҰҰ-ның ал­ғашқы конференциясын өткізіп, же­тек­ші рөл атқарды. Яғни, еліміз бұл үздіксіз үде­ріске бастапқы жылдардан бері қа­тысып келеді. Осы тарихи оқиға бары­сын­да «Алматы іс-қимыл бағдарламасы» қабылданды. Бұл құжат теңізге шығар жо­лы жоқ дамушы елдер тобының мә­се­лелерін жаһандық дамудың күн тәртібіне тұңғыш рет шығарды. Бүгін біз алды­мыз­да тұрған міндеттерді одан әрі ілгерілету мақ­сатында Авазада бас қосып отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, қазіргі гео­саяси және климаттық ахуал жаңа тәсіл­дер­ді қажет етеді. Сондықтан Авазада қабылданатын іс-қимыл бағдарламасын Қазақстан толық қолдайтынын жеткізді. Президенттің пікірінше, бұл бастама нақты саяси қолдауға ие болып, қаржы­лық тетіктермен нығайтылуға тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев осы топ құра­мын­дағы 32 дамушы елде жарты миллиардтан астам адам тұратынын айтты. Олардың көп­шілігі қаржыландыруға және тех­нологияға қол жеткізуде, сондай-ақ жаһан­дық нарыққа жол табуда кезде­се­тін кедергілермен бетпе-бет келіп отыр.

– Бұл маңызды бастама транзиттік ел­дердің, халықаралық даму ұйымдары мен қаржы институттарының саяси қол­дауына ие болуға тиіс. Көлік, энерге­ти­ка және цифрлы инфрақұрылым сияқты бас­ты секторларға инвестицияны ынта­ландыруға арналған жаңа қаржы тетік­тері керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Аваза іс-қимыл бағдарламасын тұрақты, инклюзивті және орнықты келешекке жеткізер жол картасы ретінде толық қолдайтынын мәлімдеді.

– Аймақтағы шектеулі байланыс – теңіз­ге шығар жолы жоқ дамушы елдер­дің басты проблемасы. Бұл транзит және сау­да шығыны, сондай-ақ геосаяси фак­торларға осалдық секілді біршама эко­номикалық қиындық тудырады. Аталған кедергілер азаматтардың әл-ауқатына әсер етіп, бәсекеге қабілеттілікті төмен­детеді. Түрлі қақтығыстар, экономика­лық санкциялар, жеткізу тізбегінің бұ­зылуы және жаһанда сенімсіздіктің бе­лең алуы жағдайды одан әрі ушықтыра тү­седі. Дегенмен Қазақстан теңізге шы­ғар жолы жоқ дамушы мемлекеттерді жаһандық мәселелердің шешімін табуға ат­салысатын тең құқылы әрі перс­пек­тивті серіктес ретінде қарау керек деп са­найды. Мұндай елдердің үні анық е­с­тілу­ге тиіс, ал біздің өзара ынтымақтас­тығымыз терең, ұжымдық ұмтылысымыз батыл болуы қажет, – деді Президент.

Президент климаттың өзгеруіне де ерек­ше тоқталып өтті. Осыған бай­ла­нысты ол халықаралық қауымдастықты нақ­ты іс-әрекетке шақырып, келесі жы­лы Астанада өңірлік экологиялық сам­мит өткізуді ұсынды.

– Теңізге шығар жолы жоқ көптеген дамушы ел су тапшылығы, мұздықтардың еруі, шөлейттену секілді экстремалды табиғи құбылыстарға душар болып отыр. Бұл проблемаларды шешу үшін өңір елдерінің ортақ күш-жігері мен белсенді халықаралық қолдау қажет. Дегенмен менің ойымша, климаттың өзгеруіне қарсы күрес шаралары теңгерімді әрі инк­люзивті сипатын сақтап, елдердің даму жолындағы сұраныстарына сай болуға тиіс. Климаттық өзгерістермен күреске жұмылу мақсатында Сіздерді келесі жылы сәуір айында Біріккен Ұлт­тар Ұйымымен бірге Астанада ұйым­дастырылатын Өңірлік экологиялық саммитке шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік байланыстың, серік­тес­тіктің, технология мен көлік дәліздерінің маңызын атап өтті. Ол қазіргі жағдайды шектеу емес, керісінше ынтымақтастық­ты тереңдетуге серпін ретінде қарауға ша­қырды.

– Қазір теңізге шығар жолымыз бол­ма­ғанымен, келешекте амалын табамыз. Яғни, құрлық арқылы байланыс орнату­дың маңызы арта түседі. Біздің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы орнық­ты. Саяси ерік-жігер, стратегиялық ин­вес­тиция мен халықаралық серіктестік болса, теңізге шығатын жолдың жоқ­тығы кедергі емес, керісінше, өсімге ын­­­­­­таландырады. Орталық Азия өзара тиім­ді ықпалдастық қанат жайған ай­мақ­қа айналғанына куә болып отырмыз. Өңірдің сауда, инвестиция, көлік, бай­ланыс және ресурстарды орнықты бас­қару салаларында даму әлеуеті жоғары. Екі күн бұрын Қазақстан мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасында Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орта­лы­ғын құру туралы келісімге қол қойылды. Оның штаб-пәтері Алматыда орналасқан. Бұл тұтас аймақ үшін маңызды жетістік әрі Аваза бағдарламасының игі мақ­сат­тарына толық сай келеді. Қазақстанның осы бастамасын қолдағаны үшін БҰҰ Бас хатшысына және Орталық Азиядағы се­ріктестерімізге тағы да ризашылы­ғым­ды білдіремін, – деді Президент.

Географияның саяси-экономикалық жүгі

Әлемде 40-қа жуық мемлекет теңіз­ге тікелей шыға алмайды. Бұл – географиядан басталатын, бірақ сая­сат пен экономикаға тікелей әсер ете­тін маңызды фактор. Мұны, тіпті, осал­дық ретінде де қарастыруға болады. Мұндай елдерді БҰҰ «Теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер» деп (LLDC – Landlocked Developing Countries) ресми түрде бөліп қарастырады. Олардың қата­рында Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Непал, Боливия, Зимбабве және басқалар бар.

Неліктен бұл елдер жеке топ ретінде қа­рас­тырылады? Себебі мұхитқа шы­ға­тын тікелей жолдың болмауы эконо­ми­каны дамытып, әлеммен сауда жасасуда айтарлықтай шектеулер тудырады. Теңіз порттарын тікелей пайдалана алмау сырт­қы нарықтарға шығу құнын арт­тырады, логистика мен тасымал уақытын ұзартады, ал бұл, сәйкесінше өнім бағасының бәсекеге қабілеттілігіне әсер етеді. Мәселен, LLDC елдерінің экспортқа кететін шығындары теңіз жағалауындағы елдердікіне қарағанда шамамен 1,5 есе жоғары болады. Бұл – Дүниежүзілік банк пен БҰҰ-ның нақты есебі.

Сонымен қатар мұндай елдер көршілес мемлекеттердің көлік инфрақұрылымына, транзит саясатына, тарифтер мен кедендік рәсімдерге тәуел­ді болады. Яғни, тек ішкі саясатпен шек­телмей, сыртқы серіктестермен келісу және интеграциялану басты қажеттілікке айналады. Теңіз қанша елден кейін жатқанына байланысты тәуелділік те еселене береді.

Осылайша, табиғи ресурстарға бай болғанына қарамастан көптеген теңізге шыға алмайтын ел сол байлықты тиімді игеру мен сатуда логистикалық тос­қауыл­­дарға келіп тіреледі. Мәселен, ме­талл, уран сияқты ресурстарымызды әлемдік нарыққа шығу үшін Ресей, Қы­тай, Каспий маңы елдерімен тиімді әріп­тестік орнатуымыз қажет. Осы себепті де БҰҰ бұл елдердің ерекше мәртебесін мойын­дап, 1994 жылы декларация қабылдаған болатын. Содан бері арнайы бағдарламалар мен конференциялар өткізіліп келеді.

Қазір Қазақстан LLDC елдері ар­а­сын­дағы экономикалық көшбасшылардың бірі ретінде, логистикалық бастамалар мен аймақтық ынтымақтастыққа ерекше мән беріп отыр. Орталық Еуразиядағы ірі мемлекет ретінде еліміз Еуропа мен Азия арасындағы құрлықтық көпір болуға ұмтылып келеді. Бұл мақсатта бір­неше нақты бастама арқылы жүзеге асырылды да. Мысалы, Қорғас – «Шығыс қақпасы» АЭА логистикалық орталығы Қытай мен Еуропа арасындағы жүк ағы­нын жылдам жөнелтетін стратегиялық нүктеге айналды. Одан бөлек, халықара­лық серіктестік бағытында маңызды қа­дамдар жасалды. Қазақстан Транскас­пий халықаралық көлік бағыты «Орта дәліз» деп аталатын жобаны ілгерілетіп отыр. Бұл бағыт Қытай – Қазақстан – Каспий теңізі – Әзербайжан – Грузия – Түркия – Еуропа тізбегін қамтиды. Ресей мен Беларусь арқылы өтетін дәстүрлі жолдарға балама ретінде бұл дәліздің маңызы кейінгі жылдары еселеніп отыр.

Яғни, теңізге шығатын жолдың бол­мауы – тек географиялық шектеу емес жаһандық теңсіздіктің бір көрінісі. Сон­дықтан халықаралық қауымдастық бұл топтағы мемлекеттерге арнайы саясат ұсынуға тиіс, ал мұндай елдердің өзі сыртқы экономикалық серіктестік пен ішкі инфрақұрылымдық дамуды қатар алға шығаруы қажет.

P.S: Теңізге шыға алмайтын елдер үшін көршілермен тиімді қарым-қатынас – басты ресурс. Ортақ кеден рәсімдері, цифрлық платформалар, көлік тарифтерін үйлестіру – осының бәрі теңізден шалғай жатқан елдердің жаһандық экономикаға араласуына мүмкіндік беретін құралдар.

Біріккен Ұлттар Ұйымы мен басқа да халықаралық ұйымдар LLDC елдері үшін «Айрықша қажеттіліктерге ие мемлекеттер» ретінде арнайы бағдарламалар әзірлеп, қолдау көрсетіп отыр. Алайда мұндай елдердің дамуы бірінші кезекте өз ішкі реформалары мен шекарааралық әріптестікке тікелей байланысты.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары