4 тамызда Грузия астанасы Тбилисиде жоғалып кеткен қазақстандық жігіт өлі күйінде табылды, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
27 жастағы Шыңғыс Мұссаділовтің мәйіті табылғаны туралы марқұмның туыстары жергілікті БАҚ-қа хабарлады. Қайғылы оқиғаның нақты мән-жайы анықталуда. Бұл ақпаратты Қазақстандағы Грузия елшілігі де растады.
Достарының айтуынша, Шыңғыс соңғы рет 4 тамызға қараған түні сағат 03:00-04:00 шамасында, Тбилисидің орталығындағы «Руставели» метро станциясына жақын орналасқан «Laila» клубының маңында көрінген.
«Содан кейін ол үйіне оралмады, жұмысқа да бармады, мүлдем ескертпеді. », – деді әріптестері мен достары.
Осы сәттен бастап онымен байланыс үзіліп, телефон қоңырауларына да, хабарламаларға да жауап бермеген.
Іздеу бірнеше күнге созылды. Туыстары мен жақындары Тбилиси полициясына арыз беріп, әлеуметтік желілерде оның ерекше белгілерін көрсетіп, іздеу туралы хабарламалар таратты: көзілдірік таққан, бойы 170 см, дене бітімі орташа, шашы қара, аздап ағарған, көздері жасыл-қоңыр. Үстінде қысқа жеңді қою жасыл зығыр көйлегі мен қою сұр шалбары болған.
Қазіргі таңда ЧШыңғыс Мұссаділовтің қаза болу себептері ресми түрде жарияланған жоқ. Грузия құқық қорғау органдары әзірге ешқандай түсініктеме берген жоқ.
Грузия полициясына жолданған ресми сауалға жауап ретінде, қазақстандық азаматтың өліміне қатысты ақпарат тек марқұмның туыстарының келісімімен ғана берілетіні айтылды, себебі бұл істе жеке мәліметтер қамтылған.