Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша басты сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сот отырысы кезінде аталған іске қатысты бірнеше дерек жария етілді.
Еске сала кетейік, биыл 21 сәуір күні Ернар Жиембай Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Р. Берденовке қарсы қастандық жасаған болатын.
Соттың ақпаратынша, Руслан Берденовтің жеке басын жақтырмау себебімен жеңіл мас күйінде болған сотталушы аңшылық қаруды алып, әкімдік ғимаратының маңына келеді.
«Сол жерде Е. Жиембай Р. Берденовтің шыққанын күткен. Кешкі тоғызға жақын уақытта әкім орынбасарының ғимараттан шығып келе жатқанын көрген сотталушы, мылтығымен қасына жүгіріп келіп, қасақана қазаға ұшырату мақсатымен бес рет оқ атады. Шабуыл нәтижесінде, Р. Берденов ауыр дене жарақаттарын алған.
Р. Берденовтің құлағанына көз жеткізген Е. Жиембай өмірді қиятын соңғы оқ атуға әрекет жасаған, алайда оғы таусылып, қару атылмай қалды. Осыдан кейін жаралы Р. Берденовпен күрес басталып кетеді, сол кезде Е. Жиембай қолынан мылтығын түсіріп алады.
Бұл сәтте әкімдікке тиесілі жүргізушінің бірі қызметтік көлікпен Е. Жиембайды қағып кетеді. Осылайша адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату қылмыстық іс-әрекетін тоқтатады», – делінген хабарламада.
Соттың мәліметінше, айыпталушы мен жәбірленуші арасындағы жағдайға жеке басты жақтырмау мотиві себеп болған.
«Өкінішке қарай, мұндай жанжалдар сирек емес. Барлығымыз да пенде болғандықтан эмоциядан кенде емеспіз. Адамға бір қарағаннан-ақ жақтырмаушылық сезімі туындауы мүмкін. Көпшілік мұндай жағдайды конструктивті түрде шешетіні белгілі. Алайда Е. Жиембай бірден радикалды тәсілге барып, нәтижесінде адамды қасақана өлтіре жаздаған.
Аталған сот процессінің шеңберінде қаралатын оқиға жеке сипатқа ие. Мәселе екі адамның арасындағы жанжалда жатыр. Сондықтан да өзге себептерді іздеудің қажеті шамалы. Бұл істің аясында тараған бірде-бір өсек тергеу кезінде дәлелін тапқан жоқ. Болған оқиғаның мән-жайы толығымен анықталды – бұл істе бәрі де айқын және анық», – делінген хабарламада.
Е. Жиембай өз кінәсін толық мойындады. Айыпталушы Р. Берденовке қарсы қылмысқа жеке басын жақтырмау себебінен барғанын растады.
Ернар Жиембай тарапы фактілерді теріске шығарып жатқан жоқ, қорғаушылар үшін дәл қазір болған оқиғаның құқықтық бағалануы мен ықтимал салдары маңызды.
Айта кетейік, Е. Жиембайға қатысты процесс Шымкент қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қалыпты қылмыстық іс жүргізу шеңберінде өтіп жатыр. Сот ашық режимде және БАҚ өкілдерінің қатысуымен өтуде.