Америкалық әнші Джастин Тимберлейкке Лайма ауруы диагнозы қойылды. Бұл туралы ол Instagram парақшасында айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Әншінің айтуынша, дәл осы дерт концерттердегі нашар халінің себебі болған.
«Маған “Лайма ауруы” деген диагноз қойылды. Мұны мен аяныш үшін емес, сахна сыртында қандай қиындықтарға тап болғанымды ашық айту үшін жазып отырмын. Егер сіз немесе жақындарыңыз бұл дертке ұшыраса, онда оның физикалық та, психологиялық та жағынан қандай ауыр екенін жақсы білесіз. Диагнозды алғаш естігенде шошып кеттім. Бірақ, ең болмағанда, сахнаға неге жүйке ауырсынуымен, қатты әлсіздікпен немесе жүрек айныған күйде шығатынымды түсіндім», – деп жазды музыкант.
Ол гастрольдік турды доғару немесе жалғастыру жайлы таңдау алдында тұрғанын айтты.
«Сахнада өнер көрсетудің қуанышы денемнің өткінші күйзелісінен әлдеқайда артық екенін түсіндім. Қуаныштымын – берілмедім», – деп бөлісті Тимберлейк.
Өткен жылдың қазан айында ол Нью-Джерсидегі Ньюарк қаласында өтетін концертін денсаулығына байланысты кейінге шегерген болатын. Ол кезде жарақат алғанын хабарлаған.
Лайма ауруы (немесе боррелиоз) – инфекциялық дерт. Адамға ол инфекцияланған кененің шағуы арқылы жұғады. Аурудың қоздырғышы – Borrelia тұқымдасына жататын бактериялар, көбіне Borrelia burgdorferi. Кене жануар қанымен бірге бактерияны жұтып, ол ішегіне, сосын сілекей бездеріне өтеді. Кене шаққанда бұл бактериялар адам ағзасына енеді.
Ауру, әдетте, кене теріге жабысып шаққанда беріледі. Кейде кенені қолмен жаншып, жұқпаның жара немесе шырышты қабық арқылы өтуі де мүмкін. Сирек жағдайда термиялық өңдеуден өтпеген шикі сүтті, әсіресе ешкі сүтін ішкенде де жұғуы ықтимал.
Лайма ауруының белгілеріне:
– буын және бұлшықет ауруы,
– қатты әлсіздік,
– энергияның жетіспеуі,
– жоғары температура,
– тұмауға ұқсас басқа да белгілер жатады.
Бұл дерт әлемнің түрлі елдерінде жиі тіркеледі. Бұрын бұл ауруға Аврил Лавин, Алек Болдуин және Белла Хадид те шалдыққан. Белла Хадид Лайма ауруына қарсы 100 күннен астам емделген.
2024 жылы модель бірнеше ай бойы жұрт көзіне көрінбей, әлеуметтік желіден алыстап, сән апталықтарына қатысудан бас тартты. Ол Met Gala мен Канн фестивалінде де бой көрсетпеді. Кейін ол әлеуметтік желіде:
«Бұл 100 күн – Лайма ауруы, созылмалы дерт және инфекциямен күрес, 15 жыл бойғы көрінбейтін азап. Бірақ бәрі де артта қалды. Егер осы күрестің арқасында мен өзгелерге махаббат пен шындықты жеткізе алсам – бәрі де бекер болмаған», – деп жазды.