Күн сайын мыңдаған адам таң атпастан қоғамдық көлікке мініп, жұмысына барады. Дәл солай кеш бата автобусқа отырып, жұмысынан үйіне асығады. Осылайша қоғамдық көліктер мен олардың жүргізушілері халықты барар жеріне жеткізіп, қоғам тіршілігін қамтамасыз етіп отыр. Қазақстанда тамыздың алғашқы жексенбісі – көлік қызметкерлері күні. Кәсіби мереке қарсаңында Turkystan.kz сайтының тілшісі Астана қаласының №1 автобус паркінің жүргізушісі Бұхарбаев Ғаппар Ғайратұлымен әңгімелесіп, жүргізушілердің тыныс-тіршілігін білген болатын.
Көзімді ашқалы көргенім – темір техника
«Ташкентте тудым. Көлік рөліне отырғаныма келесі жылы 40 жыл толады. Жүргізушілікке жолдан қосылған адам емеспін. Көзімді тырнап ашып көргенім темір техника болды. Оқуын оқыдым. 1986 жылы әскери комиссариат шақыртып, автомектепте көлік жүргізуді үйретті. Соны оқыған соң әскерге барып, екі жыл техника тізгіндедім. Хабаровскіден, әскер қатарынан келген соң Медициналық қызмет басшысының жүргізушісі болдым. 1995 жылы Ташкент қалалық автобус паркіне жүргізуші болып ауыстым. Содан бері автобус тізгініндемін. Ол жерде табан аудармай 15 жыл істедім. «Тал бір жерде көгереді» дейді ғой. Бір жерде тұрақты істесең біртіндеп басшылар да сенің еңбегіңді көріп, бағалай бастайды. 2010 жылы Астанаға қоныс аудардым. Келген бойда автопаркке, үйреншікті жүргізушілік жұмысыма орналастым. №3 автобус паркінде алты жыл істедім. №1 автопаркке ауысып келгеніме екі жарым жыл болды. Қазір Астана мен Қосшы арасында қатынайтын 303 автобустың жүргізушісімін. Біздің автопарк Қосшы қаласына қызмет көрсетеді. Қала маңына қатынайтын автобустар, яғни, үшінші колоннадамын», – дейді кейіпкеріміз.
Жұмысым таңғы 5-тен кешкі 9-ға дейін
Ол жұмысқа барсын-бармасын күнде түнгі үште тұруды әдетке айналдырған.
«Үш жарымда үйден шығып кетемін. Жеке көлігіммен автопаркке барамын. Жеке көлігі жоқ жүргізушілер таксимен барады. Онда барғанша 35-40 минут өтеді. Көлігімді сонда қалдырамын да, жұмысымды бастаймын. Күнде таңертең медбикелер қан қысымымызды өлшеп, алкотесттен өткізеді. Формамызды, үсті-басымыздың тазалығын тексереді. Біз де автобусты қарап, қабылдап аламыз. Кейде жуған балалар абайсызда сырып тастайды. Сондай сырылған жері жоқ па, пломбасы орнында тұр ма, бәрін қарап аламыз.Таңғы төрттен жиырма минут кеткенде автобуспен автопарктен шығып кетемін. Бестен он минут кеткенде қаладағы алғашқы аялдамадан жүремін. Кешке тоғыздан он минут кеткенде жұмысым аяқталады. Бүгін бірінші рейске шығып, ерте бастадым ба, ертең кештеу бастаймын. Жолда ұйқы қыспасын деп басшылық біздің графигімізді де есептеп, жүргізушілерді кезекпен ауыстырып отырады. Бір автобусты екі жүргізуші жүргіземіз. Серіктесім екі күн, мен екі күн істеймін. Күніне 7 айналым жасаймын. Астанадан Қосшыға барып-қайту бір айналым саналады. Ең соңғы автобус 23:25-те шығып, 24:13-те соңғы аялдамаға барып, жұмысын аяқтайды. Соңғы автобус сынып қалса да міндетті түрде жүреді. Сынып қалса диспетчерлер орнына басқасын жібереді. Кешке барып, автобусты беталды тастап, таңертең өзің мініп кете беру деген жоқ. Соңғы рейстен кейін жанармай құю бекетіне барып, жанармай құйып, автобусты автопаркке әкеліп механикке тапсырамыз. Автобусты жуу, жөндеу жұмыстарына біз араласпаймыз. Сынған, бұзылған, сырылған жері болса айтамыз. Жуатын мамандар автобусты жуып, тазалайды. Механиктер жөндейді. Жанармайды автопарк өз есебінен құяды. Мен тек жүргізушімін. Автобустың кешікпей жүруіне, жолаушыларды баратын жеріне қауіпсіз жеткізуге жауаптымын. Медбикелер кешкісін де қан қысымымызды өлшеп, алкотесттен өткізеді. Солай жүргізушілердің күндіз жолда жүріп ішімдік ішкен-ішпегенін тексеріп отырады», – дейді ол.
Көп нәрсені көңілге алмайтын сабырлы, шыдамды, кең болуың керек
Әңгіме арасында жолаушылардың мәдениетіне көңілі тола бермейтінін де, жұмыстың өзіндік қиындықтары да бар екенін жеткізді. Десе де өз кәсібін сүйіп істеген адам жұмысынан жалықпайтынын айтады. 2021 жылы үлгілі жүргізуші ретінде Астана қаласы әкімінің алғыс хатын да алған.
«Жолаушылардың басым бөлігі агрессивті, жанжалдасуға дайын тұрады. Көлікті үнемі баппен, жайлы жүргізе алмайсың. Кейде, абайсызда алдыңа автокөлік тоқтай қалуы мүмкін. Автобусты шұғыл тежеп үлгеруің керек. Сондайда сәл сілкініп қалды ма, жолаушылар шу шығарады. Үстіңнен арыз жазса, ісің аптасына екі рет өтетін тәртіптік кеңесте қаралады. Жол ақысын төлемейтіндер өте көп. Негізгі табыс сол жол ақысынан түседі ғой. Сонда біздің жалақымыз да, бюджет те жақсы болады. Билет тексеретін мамандар кешкі тоғызға дейін жұмыс істейді. Ал автобус он екіге дейін жүреді. Сол тоғыздан кейін мінетін жолаушылардың ақша төлейтіні аз. Тіке мініп, тіке түсіп кететіндері бар. Жүргізушілердің «ақша төлеңдер» деп талап етуге құқығы жоқ. Бұл жұмыста көп нәрсені көңілге алмайтын сабырлы, шыдамды, кең болуың керек. Бәрін жүрекке жақын қабылдай берсең көпке бармай ауру боласың. Көп жанжалда мән бермеуге, үндемей қоя салуға тырысамын. Аздап ұйқым қанбайтыны болмаса, жұмысымның қиыншылығын байқамаймын. Кәсібіңді сүйіп істесең оның қиындығы білінбейді. Өзіме ұнайды», – дейді ол.