Америкалық әнші Бритни Спирс мас күйінде көлік жүргізу дерегі бойынша өз кінәсін мойындады. Бұл туралы People жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сот шешімімен әншіге 12 ай шартты жаза және бір тәулік түрме жазасы тағайындалды. Алайда ол қамауда өткізген уақыты есепке алынып, түрмеге жіберілген жоқ. Сонымен қатар, оған 571 доллар көлемінде айыппұл салынды.
Сот үкіміне сәйкес, Спирс үш айлық арнайы бағдарламаға қатысуы тиіс. Бұл бағдарлама мас күйінде көлік жүргізудің алдын алуға бағытталған. Бұдан бөлек, әнші аптасына бір рет психологқа және айына екі рет психиатрға қаралуға міндеттелді.
Оқиға 4 наурыз күні кешке болған. Калифорния жол-патруль қызметінің мәліметінше, әншінің көлігі жоғары жылдамдықпен қозғалып, жолда тұрақсыз жүрген. Полиция қызметкерлері оның мас күйде болуы мүмкін екенін байқап, арнайы тексеру жүргізген. Нәтижесінде, ол мас күйінде көлік жүргізді деген күдікпен ұсталған.
Әншінің өкілі Спирстің заң талаптарын орындап, жағдайды түзетуге ниетті екенін жеткізді.
Оқиғадан кейін әнші өз еркімен оңалту орталығына барып, реабилитация курсынан өте бастаған.
Айта кетейік, соңғы жылдары Бритни Спирстің өмірінде бірқатар маңызды оқиғалар болды. 2021 жылы Бритни Спирс қамқорлық ісі бойынша Лос-Анджелес соты 13 жылға созылған қамқорлықты тоқтатқан еді. Сонымен қатар, жақында әншінің өз музыкалық каталогын сатқаны белгілі болды, алайда келісім сомасы жарияланбаған.