Шамы сөнбейтін бөлменің тұрғыны

Шамы сөнбейтін бөлменің тұрғыны

Әр заманның өз үрдісі болады. Жетпісінші жылдардың орта тұсына қарай кезең-кезеңімен пайдалануға беріле бастаған ҚазМУ қалашығының  атақты №5 жатақханасында негізінен ауылдан келген жігіттер мен қыздар тұратын. Айтпаса да түсінікті, қаламының желі бар олардың бәрі қазақ бөлімінде оқыды. Ал орыс бөліміне оқуға түскендердің басым көпшілігі ару Алматыдағы қазақ зиялыларының балалары болатын. Олардың арасынан тек перифериядан келген бірді-екілі студент ғана жатақханаға орналасатын. Сондай екі студент тура біздің қарсымыздағы бөлмеде тұрып жатты. Бірі – Ақтөбенің жігіті Олег Никанов, екіншісі – Бурабайға жақын тұстағы Бұландыдан келген Бигелді Ғабдуллин. Олардың орыс бөлімінде оқығаны болмаса, курсымыз бір болды.  Бәріміз де1976 жылы айы оңынан туған абитуренттер едік.

Дау айта алмайсың, университет тағ­дыр­­лар тоғысатын алтын бесік екені ақиқат. Арман арқалап келген әр бала осы жерде болашаққа бет түзейді. Сол киелі орданың қасиетті қабырғасында жүріп өміріңе сәуле түсіріп, тағдырыңа тұтас бағыт беретін адамдар жолығатыны тағы рас. Өміріңдегі ең бір шуақты жылдарда ұлы армандарыңмен қауышып, тағдырыңда алабөтен із қалдырар адамдарды кездестіретінің қандай ғанибет?! «Адамды орта тәрбиелейді» дегенді осындай да айтса керек үлкендер. Жатақхана туралы әңгімені бекер бастаған жоқпын. Айтары жоқ, Олег пен Бигелдінің біздің бөлмемізге қарама-қарсы орналасқаны Қайнар Олжай мен Әмір Оралбай үшеуміздің тағдырымызға ерекше әсер етті. Әсіресе, болмыс-бітімі бөлек Бигелді Ғабдуллиннің содан бері жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де, жүрек төрінен түспей келе жатқаны сондықтан болар.

Алматыдағы Пушкин атындағы кітап­хананың В.Лениннің 55 томдық толық шы­ғармалар жинағы самсап тұратын сөрелері­нен керісінше шетелдің мықты жазушы­ларының романдарын күндіз май шаммен таба алмай пұшайман болған күндерді әлі ұмыта қойған жоқпыз. Ал сол дефицит шығармаларды Бигелді мен Олег бөлмелерінде оқып отыратын. Қайдан тауып алаты­нын түсінбеген күйі кеттік. Шағын ғана кітап сөрелерінде Достоевский мен Кафка, Ре­марк пен Камю, Хемингуэй мен Бул­гаковтың кітаптары менмұндалап тұратын. Кітапханада сарылып отырып, кезегің жетпей оқи алмайтын кәт кітаптарды дәл бүйіріңдегі бөлмеден көргенде көзің жайнап кетеді. Көргеннен көзақы алатын қазақ емеспіз бе?! Оқи тұруға сұрайсың. Обалына не керек, Бигелді мен Олег құлақ қақпайды. Сұраған кітабыңды береді. Таршылық жасаған тұсы жоқ.

Әлі есімде, сол бөлмеден үнемі ой мен рух­тың, әдебиет пен еркіндіктің лебі есетін. Кітапқа, нақтырақ айтқанда, орыс және шетел әдебиетінің алтын қорына деген құштарлық бізді үнсіз байланыстырып тұратын. Бигелді мен Олегтің кітапқа деген махаббаты шексіз болды. Несін айтасыз, Стендальдың «Красное и черное» дейсіз бе, Флобердің «Мадам Бовари» романы дейсіз бе, талай кітапты сол екеуінің кітап сөресі­нен алып оқыдық. Біз ол кітаптарды кезек­пен оқып, бір-бірімізге талдап беретінбіз. Әр автор, әр кейіпкер туралы пікірталас түн ортасына дейін созылып, әңгімеміз таусыл­майтын. Бигелді сол кездің өзінде абыз сияқты алыстан толғап отыратынына таң­ғалатынмын: «Көп адамдардың трагедиясы – өмірден ләззат ала білмеуінде. Олар өмір бойы карьера қууды ойлайды. Атақты болу үшін арпалысып өтеді. Айналып келгенде осының бәрі ләззаттан бұрын жанталас екенін кеш ұғады. Басқалардан өзін ерекше көргісі келетін олар өз өмірін өзіне арнаудан гөрі өзгелерге арнағанын да кейін барып ұғынады. Адам мына жалған дүниеде өзіне ұнайтын ісімен айналысса, содан асқан ләззат бар ма өзі?! Содан асқан бақыт бар ма екен?! Жоқ!».

Орыстарда бір әдемі фразеологиялық тіркес бар: «Не по годам мудрый». Көркем әдебиетті көп оқығанынан болар, өмірдің әр сәтіне терең үңіле білетінінен болар, Бигелді шын мәнінде жас болса да осылай жалын күдірейтіп сөйлеп отыратыны жадымда жатталып қалды. Көп адамның маңдайына жазыла бермейтін Құдайдың ең үлкен сыйы болар бұл.

Сондай кештердің бірі есіме түссе, ішім жылып сала береді. Бөлмедегі ескі кітап­тар­дың иісі, шәйнектен будақтаған қою шайдың буы, үстел үстінде шашылып жатқан парақ­тар, қолына қалам ұстап, ойланып отырған Бигелді. Бәрі-бәрі есімде. Ол үндемей отырып-ақ, өз ойын, өз болмысын таныта­тын. Сондай кездерде мен оның ішкі әлемі­нің тереңдігіне, талғамының биіктігіне, ойының ұшқырлығына тәнті болатынмын. Ол тек кітаппен шектелмейтін. Оның таным көкжиегі маған шексіз көрінетін. Мұның себебін бір әңгімесінен кейін түсіне түстім. Сөз арасында ол мектептің бесінші сыныбын бітірген соң бүкілодақтық «Артек» пионер лагерінде демалғанын айтып қалды. Таңғал­ғанмын: «Мен кімдермен бірге оқып жүр­мін?!». Неге? Негесі сол, социализмнің нағыз бабында тұрған кезінде бұл жерге бару бала біткеннің асыл арманы болмаса да, асқақ арманының бірі болатын. Өйткені «Артекке» үлгілі пионер барғанда да, суперүлгілі пио­нер баратын. Бүкілодақтық пионер ұйымы­ның визиттік карточкасына айналған демалыс орнына іріктеу расында да шеге құм-

н­ың өзін өткізбейтін електей еді. Соған бару ба­қыты бұйырған оған менің құрметім бұрынғыдан да арта түсті. Олай дейтінім, Би­гелдінің бесікте жатып болашағын ойла­ған бала екеніне көзім анық жете бастады.

О басында ол маған арманшыл жігіттей көрінген. Қателесіппін. Ол құр арманшыл емес, алдына нақты мақсат қоя білген жігіт екен. Шынында да, алдағы өмірін армандай­тын адам әр биігіне қол жеткізу үшін дед­лайн белгілей білсе, онда ол адамды арман­шылдан бұрын мақсаткерлер тобына ұялмай жатқызуға болады емес пе?! Тоқетері, мен сол кездің өзінде «жайбарақат жүріп асығуды үйренген» Бигелдінің жақын және алыс болашақта қайраткерлік дәрежеге жететініне күмәнім қалмаған еді. Себебі оның бойында болашаққа деген құштарлықпен қоса күрес­керлік қасиеттің элементтері бұғып жата­тын. Адам бойындағы барлық лидерлік қасиеттердің бастауындай көрінетін күрес­керлік қасиет оны күндердің күнінде заңғар биікке көтеретініне шүбәм қалмаған. Айтып айтпай не керек, Бигелді сол кездің өзінде ерекше еді. Әдеби талғамы, сындарлы сөзі, өткір ойы айналасындағы адамдарды баурап ала қоятын. Ол басқалар сияқты журналис­тикаға кәсіп ретінде емес, өмірдің мәні ретінде қарайтын.

Ол журналист кәсібінде күрескердің тағдыры жатқанын аңғара білді. Сондықтан да ол өзін-өзі тәрбиелеумен айналысты. Сондықтан да ол өздігінен көп оқыды. Сон­дық­тан да ол өзін-өзі басқарудың барлық тетіктерін үйренді. Үйреніп ғана қойған жоқ, оны іс жүзінде шебер пайдалана білген бір­ден-бір студент болды. Себебі ол әлгі мақ­сатына жету үшін білім, еңбек және тәжірибе симбиозының әсіре қажет екенін жас кезінен ұқты. Біріншіден, ізденістен жалық­пайтын. Себебі оқу, жазу, талдау оның білім биі­гіне шығу жолындағы табиғатын шың­дады. Екіншіден, еңбек етуден ешқашан қашқан емес. Оның босқа отырған бір сәтін көрген жоқпын. Себебі ол өмірде алдынан шығатын барлық кедергілерді еңбекпен ғана жеңе білетінін жастайынан жете түсінді. Үшіншіден, ол ешнәрседен қорықпайтын. Өмірдегі қиын атаулыға тайсалмай қарсы тұратын. Себебі ол осының өзінен өмірлік тәжірибе жинады. Сөз жоқ, «Білім-Еңбек-Тәжірибе» үштағаны оны журналистиканың заңғар биігіне көтерді. Осы үшеуі оны ой тәуелсіздігіне алып келді. Осы үшеуі оны өзінің тұлғалық толыққанды егемендігіне жеткізді.

Ол тек біліммен шектеліп қалмады. Өмірде ләззат алатын нәрсенің бәрін де жатырқамады. Әсіресе, спортты жанындай жақсы көрді. Күн тәртібін қатаң сақтайтын. Дене шынықтыруға ерекше ден қоятын. Бір сылым артық еті жоқ шымыр жігіттің көптеген спорт түрінен разряды болды. Тіпті, самбодан спорт шебері деңгейіне жетті. Жаңылмасам, бір кездері Шығыс жекпе-жегімен де айналысты-ау! Ал үстел теннисін сүйіп ойнағанын анық білемін. Жатақханада одан жеңілмеген адам жоқ. Алғашқы кездесуімізде мен оны жеңу үшін біраз тыраштанғанмын. Бірақ... онымнан ештеңе шықпады. Қарсы алдымда шапшаң, епті, оңтайлы сәтті қалт жібермейтін шын мықты тұрды. Шарикті олай аунатып, бұлай бір аунатып, әбден зықымды шығарған. Шиырып ұратын соққылары әлі түсіме кіреді. Кейіннен Бигелдіден жеңіліп қалсам да аса бір қапаланбайтын болдым. Өйткені қарсыластың деңгейін мойындау да – бір мәртебе. Оның үстіне, ол спортта да, өмірде де ұту үшін емес, жетілу үшін әрекет ететін. Осындай өзіндік философиясы қалыптасқан адаммен өткізген жақсы ойыннан, әділ бәсекеден, шын шебермен тартысқан сәттен асқан ләззат бар ма?! Жеңілістің де ащы дәмі­мен қатар тәтті ләззаты болатынын сонда ұққанмын.

Студент кезінің өзінде харизмасы көзге ұрып тұратын, сөзі мен жүрісінің салмағы анадайдан байқалатын Бигелдінің мінезінде бір сырбаздық бар еді. Үлкен адамға тән байыптылықпен ерекшеленді. Киім киісі де, жүріс-тұрысы да өзгелерден дара көрінетін. Орнымен қалжыңдаса білді. Әзілінің астары­нан биік парасаты байқалып тұрды. Оның әр сөзі адамға ой салмай қоймайтын. Жатақ­ханадағы өмірдің өз қызығы таусылған ба?! Бірде түн ішінде жарық сөніп қалып, қара түнек орнағанда Бигелдінің бөлмесінде шам жанып тұрды. Барсам, батареямен істейтін қол фонарын төбесінен жоғары ұстап алған күйі кітаптан көз алмай отыр. Оның тапқыр­лы­ғына дейсіз бе, әлде әбжілдігіне дейсіз бе, әйтеуір риза болып, универдің көптиражды газетіне «Шамы сөнбейтін бөлме тұрғыны» деген эссе жазғым келіп кеткені бар.

Университет қабырғасында жүргенде-ақ Бигелді өз жолын тапқан адам секілді батыл жүретін, сергек сөйлейтін. Кейін Мәскеу қаласындағы Әдебиет институтына оқуға түсіп, қаламгерлік жолын тереңдете түсті. Елге оралғанда республиканың бас басылым­дарында еңбек етті. «Казахстанская правда», «Экспресс»» секілді газеттерде жүріп, еркін ой мен адал сөздің жалауын желбіретті. Ақи­қат­тың алдаспанындай ақық шығармашы­лығы қоғамның тамырын дәл басатын, шындықты аршыған публицистиканың нағыз үлгісіне айналды. Қайсарлық пен пара­сатты бір арнаға тоғыстырған жазбалары талай оқырманды ойға қалдырды.

Бигелдінің журналистикадағы келесі кезеңі нағыз еркін сөз кеңістігін құруға ұмтылуымен ерекшеленді. Қазақстандағы ең беделді басылымдарда жұмыс істеп, журна-

л­истиканың нағыз хас шеберіне айналған ол тек қалам тербеп қоймай, бірінің артынан бірі үш бірдей газет ашып, сол арқылы ұлттық сөз өнерінің жаңа тыны­сын ашты. Ол өзі негізін қалаған «Новое поколение», «XXI век» және «Central Asia Monitor» газеттерімен ел баспасөзіне жаңа леп әкелді. Аталмыш газеттер қоғамның үнін жеткізетін, ойын ашық айтатын басылым­дардың көш басында тұрды. Онда ұлт тағ­дыры, азаматтық ұстаным, мәдениеттің жай-күйі төңірегінде елдік деңгейдегі сөздер өрілді. Бигелдінің өзі сөз бостандығы үшін күрескен санаулы журналистің біріне айналды. Радио сала­сын­да бағын сынап, төл радиостансасын да аш­ты. Цифрлы медианың мүмкіндіктерін шебер игеріп, подкаст жүргізіп, дәуірге сай үн қатуы да оның үнемі дамып отыратын шығармашылық болмысын айғақтай түсті. Мұның бәрі оның медиа­кеңістіктегі көк­жиегінің диапазонын, заман ағымына ілесе алатын қарымды қабілетін айқын көрсетті.

Оның тағы бір биік миссиясы қазақ әдебиетін әлемге таныту жолындағы еңбегі деп батыл айтуға болады. Қазақтың көптеген қаламгерінің шығармаларын ағылшын ті-

л­іне аудартып, ұлттық сөз өнерін жаһандық деңгейге шығару жолында маңдай терін бір адамдай төгіп келеді. Бүгінде ол – Қазақ ПЕН-клубының президенті. Ақын, публицист және новеллистердің бұл ұйымы қазір рух пен ерік, әдебиет пен еркіндік тоғысқан тұғырға айналды. Бигелді бүгінгі таңда жазушылардың, журналистер мен ой иелерінің басын қосып, сөз бостандығын, шығармашылық еркіндігін қорғап жүрген санаулы тұлғалардың бірінен саналады. Мені клубқа қабылдаған кезде айтқан сөзі ылғи құлағымда жаңғырып тұрады: «Қазіргі заманда жазушыға тек эмоционалдық коэффицент (EQ) пен эпатиясының мықты болуы аздық етеді. Ғажап туындыны өмірге алып келу үшін енді интеллектуалдық коэф­фицент (IQ) пен логика ауадай қажет. Бұған өмірлік қуат коэффицентін (VQ) қосыңыз. Аталған үш коэффицент бір арнаға тоғыс­қанда ғана туынды нағыз шедевр дәрежеге көтеріле алады. Сонда ғана жазушы өз оқырмандарын табады. Жазушыларға ХХІ ғасырдың қойып отырған басты талабы – осы. Жылтыр сөзбен бүгінгі адамды ал­дарқату мүмкін болмай қалды. Қазір «айхай-ойхой» тәрізді «ән-күй» оқырманға өтпей­тінін өмірдің өзі дәлелдеп берді. Сондықтан да жазу дарыны бар кез келген қаламгер «айкью» мәселесіне айрықша мән беретін кез туды. Мен осының бәрін клубтың заманауи бағдарламасындай қабылдаймын».

Иә, мұндай сөзді қазіргі заманғы қазақ әдебиетіне шын жаны ашитын адам ғана айта алса керек. Ол сырт көзге байсалды, тіпті салқын да көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде, оның ішкі әлемі терең, жүрегі жібектей биязы, ойы отты екеніне талай көзім жеткен. Ол шындыққа тура қарай біледі. Өзінің әр сөзіне, әр ісіне жауапкер­шілікпен үңілетін Бигелді Ғабдуллиннің студент күнінен қазірге дейін ешқашан өз ұстанымына сатқандық жасаған жері жоқ. Ол үшін журналистика – мінез. Ол үшін әдебиет – арға қызмет ету құралы. Ол үшін масс-медиа – халық мінбері. Осы орайда Бигелді туралы айтқанда, оны бір ғана кәсіппен шектеп тастау мүмкін емес. Ол – әдебиетші, публицист, редактор, журналист, аудармашы, қоғам қайраткері, медиа-көш­бас­шы. Оның бойынан көне заман шежі­ресінің салмақты жүгі мен бүгінгі күннің сергек үні қатар табылады.

Сонау жетпісінші жылдардың орта тұсында жатақханада басталған достығымыз тағдырлы жолымыздағы рухани көпірге айналғанына мен ерекше қуанамын. Біздің басымызды біріктірген кітапқұмарлық кейіннен өмір мен мамандығымызға деген шынайы іңкәрлікке ұласты. Қазір оның қаламынан туған әрбір жол сол күндердің жаңғырығындай естіледі. Шындықтың шырағын ешқашан қолынан түсірмеген қайсар қаламгер әлі күнге дейін парақ ара­сынан рух іздеп келеді. Сол үшін де ол қа­шанда жүрек төрінде тұратын тұлға екенін мойындау – мен үшін уәзипа.

Жылдар жылжып барады. Уақыт ұстат­пайды. Семестрлер мен сессиялар ұмыт бол­ғалы қаш-ш-шан?! Бірақ жатақхананың шамы сөнбейтін кештері, қолдан-қолға өткен кітаптар, үстел теннисіндегі жеңіліс­тер мен жеңістер есте мәңгі сақталып қалды. Сол естеліктің бәрі қазір Бигелді бейнесінің бөлшегіне айналғаны анық. Ол – қазақ жур­налистикасының ғана емес, ұлт руханияты­ның биігінде тұрған толағай тұлға. Сол биіктен аласармай, алға адымдай бер, досым!

 

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары