Талғат ҚАЛИЕВ,
саясаттанушы:
Бұл – саяси реформалардың соңғы кезеңі
– Бұл құрылтай соңғы құрылтай болып есептеледі. Өйткені бұдан кейін құрылтай таратылады. Жалпы, басынан бастап қарасақ, кезінде басталған барлық саяси реформал бір логикамен жүріп келе жатқанын көреміз. Қазір сол логиканың түбі айқындалып, ашылып отыр. Өйткені бұрын мемлекет бірінші Президенттің тұлғасы төңірегінде құрылды, бүкіл жүйе сол бір адамның рөліне негізделді. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев басынан бастап институционалды мемлекет моделін жүзеге асырып келеді. Бұл модельде мемлекет нақты тұлғаға емес, институттарға сүйенеді. Осы реформалардың барлығы институттарды нығайтуға және тежеу мен тепе-теңдік жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Сондықтан ол алғашқы күннен бастап «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» деп айтып келеді. Яғни, осы модельде қандай институт қалай жұмыс істеуі керегін нақты көрсетіп отыр.
Соның нәтижесінде, қазір біз түпкі формуланы көріп отырмыз. Президент өз қолына өкілеттікті шоғырландыруды көздемейді, керісінше, оны барынша бөліп, бір палаталы Парламентті күшейтіп отыр. Енді Парламент барынша ықпалды болады, өйткені депутаттар бұрын Мәжіліс пен Сенатта бөлек болған өкілеттіктерді қатар иеленеді. Сонымен қатар олар Конституциялық соттың құрамын толық қалыптастырады. Конституциялық сот – өте ықпалды орган, қажет болған жағдайда тіпті президенттің шешімдеріне де ықпал ете алатын институт.
Ең бастысы – Ұлттық халық кеңесінің, Ұлттық кеңестің, салалық кеңестердің құрылуы. Ол өзіне Ассамблеяны да, Құрылтайды да біріктіреді. Бұл орган заң шығару бастамасына ие болмайды, бірақ конституциялық мәртебеге ие болады. Бұл – өте маңызды шешім. Өйткені енді мемлекет ішіндегі диалог, пікір алмасу конституциялық сипаттағы арнайы кеңесші орган арқылы жүзеге асады. Президент бұл орган арқылы тікелей мәселелер көтере алады.
Бұрын, мысалы, Қазақстан халқы Ассамблеясы этникалық топтар үшін жеке бір күн тәртібін қалыптастыратын, ол кейде жалпыұлттық күн тәртібінен ерекшеленіп тұратын. Қазір біз ұлттың жеткілікті деңгейде консолидацияланғанын мойындаймыз. Этникалық, діни немесе өзге де белгілер бойынша ешқандай дискриминация жоқ болғандықтан, этникалық принцип бойынша квоталар да алынып тасталады. Енді ішкі саяси күн тәртібі барлық азамат үшін этникалық немесе өзге айырмашылықтарға қарамастан бірдей қалыптасатын болады. Бұл – өте маңызды мәселе. Ұзақ мерзімде бұл институт Ассамблеяға қарағанда әлдеқайда ықпалды әрі тиімді болады. Ассамблея белгілі бір дәрежеде оқшау институт болды, шектеулі әлеуметтік лифт ретінде ғана жұмыс істеді. Ал қазір Ұлттық кеңес құрамына саяси партиялар, ғылыми қауымдастық, қоғамдық өкілдер, мәслихат төрағалары кіреді. Бұл алаңда олар қажетті институттармен тікелей байланыс орнатып, өздерінің саяси амбицияларын немесе мемлекеттік қызметтегі мақсаттарын жүзеге асыра алады, сонымен қатар жалпыұлттық күн тәртібінің қалыптасуына ықпал ете алады.
Қорыта айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізген барлық реформаның түпкі мақсаты персоналистік мемлекет моделінен институционалдық модельге көшу болғаны айқын көрініп отыр. Яғни, елдің бір ғана тұлғаға тәуелді болуын тоқтатып, адам болмысынан да берік, бірнеше іргелі тірекке сүйенетін орнықты жүйе қалыптастыру көзделді.
Осы логиканы негізге алсақ, бұл өзгерістер саяси реформалардың соңғы кезеңі болады деп пайымдауға болады. Ендігісі – барлық ұсынысты жинақтап, өзгерістерді жүйелеп, оларды Конституцияға енетін түзету түрінде ұсынатын конституциялық комиссияның еншісінде.