30 шілде күні Камчатка түбегі маңында магнитудасы 8,7-ге жеткен жойқын жер сілкінісі болды. Бұл – аймақта соңғы ондаған жылда тіркелген ең күшті зілзала. Табиғи апат кезінде Камчатка онкологиялық диспансерінде дәрігерлер операция жасап жатқан, деп хабарлайды turkystan.kz rg.ru-ға сілтеме жасап.
Сейсмикалық дүмпулер операция бөлмесін шайқалтып жіберді: ота үстелі қозғалып, құрылғылар теңселіп кетті. Алайда медицина қызметкерлері үрейге бой алдырмай, науқастың жанында қалды. Бірі үстелді мықтап ұстаса, екіншісі пациентті ұстап тұрды.
Камчатка өлкесінің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олег Мельников бұл сәтті бейнежазбаны әлеуметтік желіде бөлісіп, дәрігерлерге алғыс білдірді: «Қауіпке қарамастан, олар кәсібилігін жоғалтпады. Қазір науқастың жағдайы жақсы», – деді ол.
Магнитудасы 8,7 болатын бұл жер сілкінісінен кейін Камчатка жағалауына биіктігі 3–4 метрлік цунами толқындары жетті. Жойқын толқындар Солтүстік-Курильск қаласын да қамтыды. Цунами салдарынан порт инфрақұрылымы бүлініп, бірнеше кеме ашық теңізге шығып кеткен.