Тарихта алғаш рет бүтін бір мемлекет толықтай көшірілмек

/
Тарихта алғаш рет бүтін бір мемлекет толықтай көшірілмек
сурет: istockphoto.com

Әлемде алғаш рет бүтін бір мемлекет, нақтырақ айтқанда Тувалу климаттың өзгеруіне байланысты жаппай көшіруге дайындалып жатыр. Мұхиттағы шағын аралды ел теңіз деңгейінің көтерілуі мен жиілеген дауылдардың салдарынан 11 мың тұрғынын түгелдей көшіруді жоспарлап отыр, деп хабарлайды turkystan.kz. es.wired.com-ға сілтеме жасап.

2023 жылдан бері Тувалу мен Австралия арасында арнайы келісім күшіне енген. Бұл келісім аясында Австралия тувалулықтарды «климаттық виза» арқылы біртіндеп қабылдай бастады. Тувалудың орташа биіктігі теңіз деңгейінен небәрі 2 метр ғана. Жаһандық жылыну мұздықтардың еруімен қатар, тропикалық дауылдардың күшеюіне әкеліп, аралдарды жиі су басуына себеп болып отыр.

2025 жылдың шілдесіне дейін Австралия билігіне 9 мыңға жуық адам көшуге өтініш берген. Бұл – Тувалудың ересек халқының басым бөлігі.

Жаңа Оңтүстік Уэльс университетінің профессоры, зерттеуші Джейн МакАдамның айтуынша, Австралия мен Жаңа Зеландиядағы көшіру бағдарламалары арқылы жыл сайын Тувалу халқының 4%-ы елден кетуі мүмкін. Бұл үрдіс он жыл ішінде ел тұрғындарының жартысын жоғалту қаупін тудырады.

Арал толықтай су астында қалу қаупі төнгендіктен, Тувалу билігі аралдарды 3D-сканерлеу жұмыстарын бастап кетті. Бұл – ұлттық ландшафт пен мәдени нысандардың цифрлық көшірмесін сақтап қалуға бағытталған әрекет. Басқаша айтқанда, мемлекет физикалық тұрғыда жойылғанымен, оның тарихы мен мәдени мұрасы виртуалды түрде сақталады.

БҰҰ Даму бағдарламасының дерегінше, 2050 жылға қарай теңіз жағалауындағы миллиондаған адам су тасқынына жиі ұшырайды. Қазірдің өзінде теңіз деңгейінің көтерілуі шамамен 1 миллиард адамның өміріне әсер етіп отыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары