Биыл алғашқы алты айда Қазақстанға Қытайдан Ертіс өзені арқылы 4,6 млрд текше метр және Іле өзені арқылы 5,6 млрд текше метр су келді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Іле өзені арқылы келген су екінші жыл қатарынан Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасын 100% толтыруға мүмкіндік берді. Бұл өз кезегінде Балқаш көліне 8,52 млрд текше метр су жіберуге мүмкіндік берді.
Нәтижесінде 2025 жылдың басынан бері Балқаш деңгейі орта есеппен 32 см-ге, яғни Балтық жүйесі бойынша 341,55 метрден 341,87 метрге дейін өсті.
«ҚХР-мен ынтымақтастық тек трансшекаралық өзендерді ғана қамтымайды. Биыл наурыз айында Қазақстан мен Қытайдың су ведомстволары алғаш рет өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Құжатта ресурстарды тиімді әрі тұрақты пайдалануды қамтамасыз ету, заманауи технологияларды енгізу, баламалы су көздерін бөлу және игеру, сондай-ақ тәжірибе алмасу мен бірлесіп кадрлар даярлау жөніндегі ынтымақтастықты нығайту көзделген», - деді Су ресурстары және ирригация министрлігі Қытай және Ресеймен су саласындағы ынтымақтастығы басқармасы басшысы Нағима Әжіғұлова.