Балалар контентіне көңіл бөліп жүрміз бе?

Балалар контентіне көңіл бөліп жүрміз бе?
сурет: istockphoto.com

Цифрлық ғасырда балалар бос уақытының көп бөлігін экран алдында өткізуде. 2024 жылы халықаралық Common Sense Media ұйымының зерттеуіне сәйкес, 8 жасқа дейінгі балалар күніне орта есеппен 2 сағат 51 минут экран алдындағы контентті тұтынған. Бұл көрсеткіш 2011 жылмен салыстырғанда 70 пайызға артқан. Сондықтан дамыған мемлекеттер балалар медиакеңістігін ұлттық идеология мен құндылықты дәріптейтін маңызды құрал ретінде қарастырады.

Иә, бүгін де бүкіл әлем бүлдіршін­дердің бос уақытын қалай өткізетінін зерт­теп, оның қоғам мен болашақ ұрпаққа әсерін жан-жақты талдауда. Америка, Жа­пония, Қытай сияқты алпауыт елдер бүлдір­шіндерге арналған контент арқылы ұлттық идеоло­гияны дәріптеп, жас буынның сана-сезімін қалып­тастыруға күш салып отыр. Бұл елдер ұсынатын мультфильмдер мен бағдарлама­ларда тек ойын-сауық емес, ұлттық болмыс, патриотизм, еңбекке құрмет, отбасылық құндылықтар сияқты маңызды ұстанымдар басты орында тұр. Осы бағытта Қазақстан қалай әрекет етіп жатыр деген сұрақтың тууы заңды. Қазақша контенттің дамуы үшін ең тиімді құрал – бәсекелестікке қабілеттілік екені белгілі. Себебі сапалы өнім тек ішкі қажеттілікпен емес, нарықтағы сұраныс пен салыстырмалы бағалау арқылы қалыптасады. Дегенмен соңғы жылдары бұл салада айтар­лықтай серпілістер байқалып келеді. Мәсе­лен, 2023 жылдан бастап, елімізде шетелдік танымал балалар арналарындағы бағдарла­ма­ларды қазақ тіліне дубляждау қолға алынды. Атап айтсақ, Nickelodeon және TiJi арналарымен жүргізілген келіссөз­дердің нәтижесінде, бүгінде олардың таны­мал мультфильмдері мен бағдарламалары қазақ тілінде сөйлей бастады. Бұл – отандық медиа нарығы үшін үлкен жетістік әрі стра­те­гия­лық маңызды қадам. Balapan арнасы мен Қазақ радиосы балаларға арналған са­палы аудиоконтент пен танымдық бағдар­ла­малар санын арт­тырып жатыр. 2024 жылы 20-дан астам шетелдік мультфильм қазақ тіліне бейімделіп, мемлекеттік тапсырыс аясында көрсетілді. Бұл бастама бірнеше мақсатты көздейді. Біріншіден, қазақтілді балалар контентінің үлесін арттыру. Екінші­ден, тіл үйрету мен ұлттық тәрбиені қатар жүр­гізу. Үшіншіден, отандық анимация мен медиа өнімдер сапасын көтеруге жол ашу. Бірақ бұл әлі жеткіліксіз. 2023 жылғы есеп бойынша, YouTube-тағы қазақша балалар контенті нарықтың тек 3 пайызын ғана құрап отыр. Ал бұл көрсеткіш орысша кон­тентте 75 пайыз, ағылшын тілінде – 18 пайыз.
Не істеу керек?

Бұл сұраққа сарапшылар бірнеше ба­ғытты айтып келеді. Біріншіден, ұлттық мульт­фильмдер мектебін құру, сол арқылы қазақ тілінде патриоттық, ғылыми, әдеби маз­­мұн­дағы кейіпкерлерге негізделген анимациялар жасау. Бастысы бұған мемле­кет­тік қолдау қажет. Анимациялық студия­лар мен контент өндірушілерге жеңілдетілген гранттар, салық­тық жеңілдіктер ұсыну ар­қылы бұл салаға серпін беруге болады. Бүгін­гідей цифрлық қоғамда  цифрлық платфор­маларды дамыту да басты мәселе саналады. Балаларға арналған қазақша YouTube канал­дар мен мобильді қосымшалар санын арт­тыру арқылы әлемдік бәсекеге төтеп беруге болады. 
Осы ретте біз жуырда ғана жарыққа шығып, көрермендердің оң пікіріне ие бол­ған «Алтын адам» анимациялық фильмінің сценарий авторы, жазушы, ақын Ұларбек Нұрғалымұлынан бүгінгі балалар контентіне қатысты пікірін сұрадық. Ол балалар кон­тен­тінің тәрбиелік және танымдық маңы-
з­ына назар аудару қажет деп санайды. «Біз мысалы «Алтын адам» мультфильмінде тек тарихи кейіпкердің сыртқы келбетін ғана емес, оның ішкі жан-дүниесін, рухани бай­лы­ғын көрсетуге тырыстық. Осы арқылы балаларға ізгілік, рухани тазалық және ұлт­тық құндылықтарды сіңіру көзделген болатын. Балаларға арналған контенттің сапасы мен мазмұны олардың дүниетаны-
м­ын қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Балаларға арналған шығармаларда ұлттық құндылықтар мен тарихи тақырыптарды қамту қажет. Осы арқылы жас ұрпақтың патриоттық сезімін оятып, ұлттық болмысты сіңіруге болады», – дейді жазушы.  
Ал «Балдырған» журналының бас редак­торы Дүйсен Мағлұмов балалар конт­енті дегенде тек көретін дүниелерді ғана емес, оқитын дүниелерді де дамыту қажет­тігін айтады. «Біздің елімізде балаларға ар­нал­ған жиырмаға жуық газет-журнал бар. Солардың ішінде төртеуі, атап айтқанда – «Ұлан», «Дружные ребята» газеттері мен «Ақ желкен» және «Балдырған» журналдарының алдының шыға бастағанына 100 жыл, соңының шыға бастағанына 67 жыл болды. Осынша жыл бойы бірнеше буын ұрпақтың тәлімі мен тәрбиесіне зор үлесін қосып келе жатқан бұл басылымдар тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап мемлекет қамқорлы­ғында. Ал кейінгі жылдары өмірге келген басқа жекеменшік балалар басылым­дары өз күнін өздері көріп жүр. Мектептен тыс уақытта балаларымызды спорт, кітап, газет-журналдар, өнер үйірмелері емес, сол қалта телефондары тәрбиелеп жатыр. Оның бала болашағына қаншалықты қауіпті екенін сезініп жатқан ата-ана өте аз. Олар ертең баласының миы уланып, соқыр немесе жарымжан болып қалатынын неге ой­ла­майды? 1970-1980 жылдары жоғарыдағы төрт басылымның әрқайсысы 200-300 мың таралыммен шығатын. Сол кездерде Ал­ма­ты­да жалғыз қазақ мектебі болды. Елі­міздегі қазақ мектептерінің саны да екі мыңның айналасында еді. Қазақтың саны 5-6 мил­лионнан аспайтын. Ал қазір бір Алматыдағы қазақ мектептерінің саны 200-ге таяп қалды. Жалпы, қазақ мектептерінің саны 6-7 мыңға жетті. Қазақтың саны да екі-үш есе өсті. Жаңағы басылымдарымыз қазір алды 11 мың, арты 3 мың данамен жарық көруде. Салыстырмалы түрде қарасақ, соңғы 30 жыл­да таралым пәленбай есеге өсудің орнына 80 пайызға төмендеп кеткен», – дейді ол.
Дегенмен ауызды қу шөппен сүрте беруге де болмайды. Естеріңізде болса  қырғыз депут­аттары ұл-қыздарының «Балапан» ар­на­сын көретінін, сол арқылы қазақша сөйлеп кеткенін айтып, мәселе көтерген еді. Нақ­тылап айтсақ, 2022 жылы Қырғызстан Жогорку Кенешінің депутаты Нұржігіт Қадырбеков парламент отырысында жасаған мәлімдемесінде  оның балалары қазақтілді «Балапан» арнасын жиі көретінін айтқан болатын. Соның нәтижесінде олар қазақ тілін жылдам меңгеріп, үй ішінде қазақша сөйлей бастаған. «Қыздарым қазір қазақша сөйлеп жүр. Себебі олар күні бойы тек қазақ тіліндегі «Балапан» арнасын көреді. Бала қандай тілді естіп өссе, сол тілде сөйлей бастайды. Біздің «Баластан» арнасы жартылай орысша сөйлейді. Бұл – мемлекеттік тілге деген сұраныстың төмен­деуіне әкеледі. Оны толығымен қырғыз тіліне көшіру қажет», –деген еді ол. Демек, сұраныс бар.

Балаларға қатысты өнімдерімен әлемді жаулаған АҚШ-та  Disney, Nickelodeon секілді алыптар контентке ұлттық патриотизм мен отбасылық құндылықтарды енгізіп келеді. Әр өнімдерінде қоғам мүддесіне сай құндылықтар жүйелі түрде насихатталады. Сонымен қатар АҚШ федералды деңгейде балалар медиасына қатысты мазмұндық және жарнамалық шектеулер орнатқан. Ал Жапонияда аниме индустриясы елдің жұмсақ күші ретінде бағаланады. Doraemon, Naruto, My Hero Academia секілді өнімдер арқылы жапон тілі, мәдениеті, тарихы мен қаһармандық рух жаһанға таралды. Жапония осы аниме арқылы жылына 25 миллиард доллар табыс тауып отыр. Көршіміз Қытайда да бұл мәселеге келгенде мемлекеттік деңгейде бағдарламалар енгізген. Қытай үкіметі мультфильмдер мен анимациялық сериалдарда отансүйгіштікке негізделген идеологиялық мазмұн болуын міндеттейді. 2022 жылдан бастап, ҚХР білім министрлігі мектеп жасына дейінгі балаларға арналған «қытай рухы бар мультфильмдердің» тізімін бекітті. Демек, дамыған мемлекет бұған аса сақтықпен қарайды. 
Жалпы, Қазақстандағы балалар арасында фантастика, комикстер мен көркем әдебиетке деген қызығушылық артып келеді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы жас оқырмандар саны 1 733 686 адамға жеткен. Ең көп оқылатын кітаптар арасында Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат», «Менің атым Қожа», Жоан Роулиңнің «Хәрри Поттер» және Марк Твеннің «Том Сойер» шығармалары бар екен. Иә, бүгінгі бала – ертеңгі ұлттың келбеті. Сол себепті балаларға арналған контент – жай ойын-сауық емес, ұлттық қауіпсіздіктің бір тармағы. Әлем тәжірибесі көрсетіп отырғандай, идеологияны тек саясатпен емес, мультфильм, ойыншық, телебағдарлама арқылы да жүргізуге болады. Қазақтілді балалар медиакеңістігі де осы жолда жүйелі, сапалы және бәсекеге қабілетті болуға тиіс.

Наурызбек САРША
 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары