Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қазақстандағы Еуропалық одақтың Төтенше және Өкілетті Елшісі Алешка Симкичпен кездесу өткізді.
Конструктивті диалог барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың басым бағыттарын, ветеринариялық-санитариялық өзара іс-қимыл мәселелерін, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық әріптестікті дамыту перспективаларын талқылады.
Министр Еуропалық одаққа аграрлық саладағы Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға деген тұрақты қызығушылығы үшін алғысын білдірді.
«ЕО – еліміздің АӨК саласындағы негізгі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі. 2024 жылы Қазақстан мен ЕО елдері арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша сыртқы сауда айналымы 1,3 млрд АҚШ долларын құрап, 7 пайыздық өсімді көрсетті. 2025 жылдың 5 айында бұл көрсеткіш 11 пайызға өсіп, 662,2 млн долларды құрады. Біз экологиялық таза өнімді, әсіресе астық пен ұнды экспорттаудың айтарлықтай әлеуетіне иеміз және Еуропа нарығына астықты тұрақты жеткізуге дайынбыз. Осыған байланысты Эстония және Латвия елдерімен Балтық порттарын транзиттік торап ретінде пайдалану мәселесі бойынша келіссөздер жүргізілуде», – деді Айдарбек Сапаров.
Кездесуде мал шаруашылығы өнімдерін экспорттау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бүгінде еліміздің 20 кәсіпорын ЕО елдеріне балық өнімдерін экспорттауға құқық алған. Ара шаруашылығы кәсіпорындары бал экспорттау мәселесін пысықтап жатыр. Сонымен қатар, акваөсіру және жылқы еті өнімдерін жеткізу үшін ЕО нарығын ашу бағытында жұмыстар жалғасуда, ұлттық бақылау жоспарларын әзірлеу және ветеринариялық-санитариялық талаптарды келісу процестері жүргізілуде.
Министр еуропалық бизнес тарапынан Қазақстанға деген қызығушылықтың жоғары екенін атап өтті. Қазір жалпы құны 270 млн АҚШ долларынан асатын үш ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, Алматы облысында премикс шығаратын зауыт пен Қостанай облысында UBM Group компаниясының құрама жем зауытының құрылысы, сондай-ақ Алматы облысында Carlsberg Group компаниясының алкогольсіз сусындар өндіретін зауыты мен ALFASEED KFT компаниясымен бірлескен сүрлем өндірісін жергіліктендіру жобасы қолға алынған.
CLAAS, Amazone-Werke, SDF Group, Pöttinger сияқты еуропалық компаниялардың кәсіпорындары табысты жұмыс істеуде. 2025 жылдың басынан бастап John Deere техникасын жергіліктендіру жобасы жүзеге асырылып жатыр.
«Біз еуропалық компаниялардың қатысуын кеңейту және ЕО-пен терең ынтымақтастық орнату жөніндегі ұсыныстарға ашықпыз», – деп атап өтті Айдарбек Сапаров.
Өз кезегінде, Еуропалық одақтың Елшісі ашық әрі жан-жақты диалог үшін алғысын білдіріп, агроөнеркәсіптік саладағы ынтымақтастықтың жоғары әлеуетін атап өтті және ЕО тарапынан талқыланған бағыттар бойынша Қазақстанмен өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді.