Аргентинаның денсаулық сақтау бойынша құзыретті мекемесі Colgate тіс пастасына қатысты шағымдар көбейгеннен кейін Colgate Total Active Prevention Clean Mint пастасына ел аумағында қолдануға, таратуға және жарнамалауға толық тыйым салды. Бұл туралы Аргентинаның дәрі-дәрмек, азық-түлік және медициналық технологияларды бақылау агенттігі (ANMAT) ресми сайтында мәлімдеді, - деп хабарлайды turkystan.kz.
Пастаны қолданған 19 адамның ауыз қуысында қызару, жара, күйдіру, ісіну және ауырсыну сияқты жағымсыз белгілердің пайда болғанын мәлімдеген. ANMAT бұл жағдайларды бақылауға алып, азаматтарды қандай да бір жанама әсер байқалса, міндетті түрде хабарлауға шақырып отыр.
Colgate тіс пастасына байланысты дау алғаш рет Бразилияда туындаған еді. 2025 жылдың наурызында бұл өнімге тыйым салынып, өндіруші шағымданғанымен, кейін апелляцияны қайтарып алған. Соның нәтижесінде Colgate Бразилияда бұл тіс пастасын сатуды толығымен тоқтатты.
Ал Ресейде Роспотребнадзор мамыр айында Colgate Total Clean Mint тіс пастасына қатысты шағымдарды бақылауға алған. Бір жыл ішінде Colgate өнімін қолданғаннан кейін денсаулығына шағымданған адамдар саны 11 мыңнан асып кеткен.