41 мың жыл бұрын болған ғарыш катаклизмі – Жердің магнит өрісінің күрт әлсіреуі адамзат тарихына елеулі әсер етті. Ғалымдар тобы жариялаған жаңа зерттеу бұл кезеңде Жердің қорғаныс қабаты 90%-ға дейін әлсіреп, Күннің зиянды радиациясы мен ультракүлгін сәулелері еркін өтіп тұрғанын айтады. Нәтижесінде, адамзат бұрынғыдай ашық аспан астында өмір сүре алмай, жерасты үңгірлеріне көшіп, өздерін қорғаудың түрлі амалдарын ойлап тапқан, деп хабарлайды turkystan.kz theconversation.com-ға сілтеме жасап.
Бұл геомагниттік оқиға ғылымда Лашамп ауытқуы (Laschamps Excursion) деп аталады. Ол кезде магнит полюстері толық ауыспағанымен, мыңдаған шақырымға «құбылып», әлсіреген. Ғалымдардың есебінше, сол уақыттағы Жердің магнит өрісі қазіргі деңгейдің небәрі 6–10 пайызына дейін төмендеген. Соның салдарынан Жерді ғарыштық радиациядан қорғайтын магнитосфера әлсіреп, жан-жақтан жарып өте бастаған. Әдетте тек Арктика мен Антарктика маңында ғана байқалатын Солтүстік шұғыла сияқты құбылыстар экваторға дейін жеткен. Көгі жарыққа толып, көздің жауын алса да, бұл әдеміліктің артында қауіп жатқан еді – сәуле арқылы берілетін аурулар, күйік, көздің зақымдануы, ДНҚ мутациялары және ұрық дамуына кедергілер.
Ғалымдар ежелгі адамдардың бұл жағдайларға қалай жауап бергенін археологиялық деректер арқылы зерделеген. Адамдар күн сәулесінен қорғану үшін үңгірлерге көбірек тығылған, денені тұтас жабатын киім түрлерін киген, ал теріні қорғау үшін қызыл охра сияқты минералды бояулармен майланған. Бұл охраны «күнге қарсы крем» ретінде пайдаланған деген жорамал бар. Археологиялық қазбалардан да осы кезеңде үңгірлердегі тіршілік жиілегені, охраның белсенді қолданылғаны байқалады, әсіресе Еуропа аумағында.
Осылайша, қазіргі ғылым адамдардың ғарыштық ауа райына магнит өрісі мен Күн белсенділігінің өзгерісіне бейімделіп өмір сүре бастағанын көрсетіп отыр. Тіпті табиғаттың ең тосын, көзге көрінбейтін құбылыстарының өзі адамзат эволюциясында шешуші рөл атқарған болуы мүмкін.