«Жарысқа несие алып бардым»: Грек-рим күресінен жастар құрамасында шу шықты

/
«Жарысқа несие алып бардым»: Грек-рим күресінен жастар құрамасында шу шықты
Sportbugin.kz

Грек-рим күресінен U20 құрамасының жаттықтырушысы Айдын Сәрсекеев жақында Бішкекте өткен Азия чемпионатына өз қаражатымен барған. Ол онда барып-қайту үшін банктен 500 мың теңге көлемінде несие алса керек.

Sportbugin.kz жазуынша, бұл бәсекеге қатысатын құраманың барлық шығынын Олимпиадалық даярлау орталығы көтеруге тиіс. Алайда, бұл ұйым бюджет жетіспеушілігін алға тартып, жарысқа қатысатын балуандардың біреуін қысқартуды ұсынған.

«Маған толық құраммен бармай, бір балуанды алып тастауды өтінді. Өйткені, барлығының шығынын көтеруге орталықтың қаражаты жетпейді екен. Бірақ бәрі жарысқа бара жатқанда, бір балуанды көзін жәутеңдетіп тастап кеткім келмеді. Бапкер ретінде маған бөлінген қаражатты спортшыға беріп, команданың жарысқа толық құрамда барғанын қаладым. Ал өзім банктен 500 мың теңге кредит алдым. Жол шығыны, жатын орын мен тамаққа барлығы 480 мың теңге кетті. Келген соң осы шығынның бәрін ұйымға көрсетіп, есеп бердім. Олар бұл қаражатты қайтарып беруге уәде етті», — дейді Сәрсекеев.

Сондай-ақ, Бішкектегі Азия чемпионатына қатысатын құрамаға бірыңғай спорттық форма берілмеген. Тіпті, балуандар марапаттау рәсіміне бір-бірінің формасын киіп шығуға мәжбүр болған.

«Форма берілмеді. Тамыз айындағы әлем біріншілігіне дейін дайын болады деп жатыр. Бірақ Азия чемпионатына формасыз, әркімнің өзінде бар киіммен бардық. Былайша айтқанда, алапес болып жүрдік», — дейді Айдын Сәрсекеев.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары