Астанада айырбастау пунктінде кассир ақшаны күртеге орап ұрлаған

/
Астанада айырбастау пунктінде кассир ақшаны күртеге орап ұрлаған
Ашық дереккөзден

Астананың 47 жастағы тұрғыны айырбастау пунктінде кассир болып жұмыс істей жүріп, клиенттердің ақшасын алып, оларды кассалық аппарат арқылы есептеместен тікелей сейфке салып отырған, деп хабарлады turkystan.kz.

Ақша туралы еш жерде тіркемей, ешкімге хабар бермеген.

Жұмыс күні аяқталған соң, ол қаржыны өзінің сырт киімі тұрған бөлмеге апарып отырған. Осылайша, бір айдың ішінде айырбастау пунктіне 37 миллион теңгеден астам шығын келтірген.

«Сот оны кінәлі деп танып, жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сотталған әйел жазасын өтеу үшін Абай облысындағы әйелдер колониясына жеткізілді. Онымен тәрбиелік және құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде», – деп хабарлады полиция өкілдері.

Сұхбат барысында ол үш кәмелетке толмаған баласы бар екенін, олардың қазір күйеуімен бірге тұрып жатқанын айтқан.

«Мұндай жерге түсемін деп ешқашан ойламаппын. Енді ғана түсініп жатырмын – қандай ақша болса да, бостандықтың орнын баса алмайды. Мен жазамды өтеп жүргенде, кішкентай балаларым есейіп кетеді. Оларды қатты сағынып жүрмін. Карантин уақыты аяқталған соң, тезірек үйге оралу үшін тігін цехына жұмысқа тұрдым. Айлығымнан сот белгілеген шығындарды өтеп жатырмын, сондай-ақ мүмкіндігінше отбасымдағыларға да ақша жіберіп тұрамын. Барлық ата-аналарға айтарым – барды бағалап, әрдайым жақындарыңыздың жанында болыңыздар», – деді сотталған әйел.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары