Қазақстан кейінгі жылдары әлеуметтік саясатты түбегейлі өзгертіп, экономикалық өсімді халықтың әл-ауқатын арттыруға бағыттап отыр. Бұл туралы беделді халықаралық басылымның бірі GlobalBankingAndFinance.co сайты жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Басылымның мәліметінше, Қазақстанда 2001 жылы 46,7% болған кедейлік деңгейі 2024 жылы 5%-ға дейін төмендеген. Сонымен қатар, осы кезеңде халықтың нақты табысы 21%-ға өскен. Бұл – елдің құрылымдық реформалар мен жұмыспен қамтуға бағытталған стратегиялық қадамдарының нәтижесі.
GlobalBankingAndFinance.co атап өткендей, Қазақстанда кедейлікпен күрес тікелей әлеуметтік төлемдермен емес, ұзақмерзімді еңбекке тарту арқылы жүзеге асырылады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі іске қосқан «Жобалар навигаторы» атты цифрлық платформа қазіргі таңда 1 383 инвестициялық жобаны бақылауда ұстап отыр. Бұл жобалар шамамен 220 мың жаңа жұмыс орнын ашуға бағытталған. 2025 жылдың өзінде-ақ 30 мыңнан астам азамат нақты жұмысқа орналасқан.
Сонымен қатар, өңірлік жұмыспен қамту жол картасы арқылы 250 мыңнан астам адам еңбек нарығына қосылды. Оның ішінде 90 мыңға жуығы тұрақты жұмысқа орналасқан.
Басылымда жазылғандай, 2025 жылы әлеуметтік жағынан осал 4,7 млн азаматқа 6 трлн теңге көлемінде қолдау көрсетілген. Бұл көмектер зейнеткерлерді, мүгедектігі бар азаматтарды және көпбалалы отбасыларды қамтиды. Ресурстардың әділ бөлінуі үшін енгізілген жаңа «осалдық индексі» пилоттық аймақтарда сынақтан өтуде.
2023 жылдан басталған зейнетақы реформасы бойынша базалық зейнетақы 2027 жылға дейін 70–120% аралығында өседі деп күтілуде. 2023 жылдың өзінде 2,3 млн зейнеткердің зейнетақысы орта есеппен 28%-ға өсті.
Мақалада Қазақстанның жаңа жалақы есептеу әдістемесі жайлы да айтылған. 2020-2025 жылдар аралығында 1,2 млн мемлекеттік қызметкердің, оның ішінде 600 мың мұғалім мен 40 мың әлеуметтік қызметкердің еңбекақысы айтарлықтай көбейген. Дәрігерлер мен медбикелердің жалақысы жыл сайын 20–30%-ға өсіп отырған. 2024 жылы зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға арнайы әлеуметтік төлем енгізілгені де атап өтілді.
GlobalBankingAndFinance.co жазуынша, Қазақстан әлеуметтік саясатпен қатар экономиканы әртараптандыруға да белсенді кіріскен. 2025 жылы іске қосылатын 45 жоба 20 мың жұмыс орнын ашса, 2026–2027 жылдары тағы 50 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылады деп жоспарланған.
2010 жылдан бері халықтың нақты табысы 80%-ға артқан. Бұл – әлеуметтік салаларға бағытталған бюджеттік шығындардың 6,7 есеге ұлғаюының нәтижесі. Жалпы, әлеуметтік салаға бөлінетін қаражат жыл сайын ел бюджетінен 20% үлес алып отыр.
GlobalBankingAndFinance.co мақаласында Қазақстанның әлеуметтік реформалары аймақ үшін үлгі боларлық үлгілердің бірі ретінде сипатталған. Басылым елдің цифрландыру, еңбекке ынталандыру және әділ әлеуметтік қолдау құралдарын тиімді біріктіріп отырғанын ерекше атап өтті.