Қазақстандық таеквондошы Нодира Ахмедова Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Ол Усиде өтіп жатқан әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасының қоржынына қола жүлдені салды.
49 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Нодира Ахмедова жарысты жартылай финалдан аяқтап, үздік үштіктен көрінді. Жартылай финалда ол Қытайлық Тайпей спортшысы Ю Юн Люге есе жіберді.
Отандасымыз Нодира Ахмедова бүгін Әлем чемпионатында барлығы 4 кездесу өткізіп, оның үшеуінде жеңіске жетті.
Жарысқа екінші айналымнан қосылған ол жартылай финалға дейін Бразилия, Канада және Тайланд спортшыларынан басым түсті.
Айта кетерлігі, бұл Нодира Ахмедованың кәсіби спорттағы ең үлкен жетістігі және Қазақстан әйелдер таеквондосына Әлем чемпионатынан 18 жылдан кейін оралған тарихи медаль. Әйелдер құрамасы осыған дейін соңғы рет 2007 жылы Қытайдың Бейжің қаласында өткен әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізген.