Бүгін елімізде ветеринарлар күні аталып өтіп жатыр. Тура бір жыл бұрын, 2024 жылдың шілдесінде 10 шілде мереке күндерінің тізбесіне енгізілген болатын. Мерекеге орай Turkystan.kz сайтының тілшісі ардагер ветеринар Руфия Хабибрахмановаға хабарласып, жұрт жұмысын жете біле бермейтін осы бір мамандықтың қыр-сыры жайлы аз-кем әңгіме өрбітті.
«1973 жылы Целиноградтағы Ауыл шаруашылығы институтын бітірдім. Содан кейін тұрмысқа шығып, Жезқазғанға келдім. Ол кезде Жезқазған облыс орталығы еді. Жезқазған ветеринарлық зертханасында жұмыс істедім. Кейін Сәтпаевқа, ет бақылау станциясына шақырды. Өмір бойы сонда еңбек етіп, зейнетке шықтым. Қасымызда ветеринар кабинеті болатын. Олар сенбі-жексенбі демалатын. Сол кезде жұрт жануарларды маған әкеле бастады. Бәрі содан басталды», – дейді Руфия Хабибрахманова бұл салаға қалай келгенін еске алып.
Оның зейнетке шыққанына биыл 15 жыл толды. Десе де ол сүйікті ісінен бір сәт те ажыраған емес.
«Зейнетке шыққаныма 15 жыл болды. Қазір жеке кәсіпкер ретінде жануарларды үйде қабылдаймын. Қала тұрғындары ит-мысығын, тасбақасын әкеледі. Жануарлар биіктен құлайды, аяқтары, қабырғасы сынып жатады. Сондайда гипс саламын, піштіремін. Ит-мысықтардың түрлі аурулары болады, соларды емдеймін. Көше мысықтарына ота жасаймын. Ауыл халқы төрт түлік малын көрсету үшін шақырады. Жануарлар төлдегеннен кейін көмектесемін. Жасым қазір 73-те. Сонда да демалуға мүмкіндік жоқ, сұраныс көп. Бірақ жұмысым өзіме ұнайды. 50 жыл бойы тынбай жұмыс істеп келемін. Өз жұмысым өзіме ұнайды. Жануарлардың жазылып кеткенін көрген кезде төбең көкке жетеді. Қазір қызымды осы мамандыққа үйретіп жүрмін. Өз ісімді жалғастырғанын қалаймын», – дейді маман сөз соңында.