Туризм және спорт министрлігі Үкімет қаулысына сәйкес резервтен халықаралық аренада жоғары нәтижелерге қол жеткізген спортшылар мен жаттықтырушыларды ынталандыру үшін шамамен 5,5 млрд теңге бөлінгенін мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қаражат 2025 жылы Токиода өткен XXV жазғы Сурдлимпиадада жүлде алған спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын марапаттауға бағытталды. Барлығы 32 спортшы мен 42 жаттықтырушы сыйақыға ие болды.
Төлем мөлшері қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгіленген: алтын медаль үшін — 130 млн теңге, күміс медаль үшін — 78 млн теңге, қола медаль үшін — 39 млн теңге. Сондай-ақ 4-6 орын алған спортшыларға 2,5 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін сыйақы төленді.
Сурдлимпиадаға 81 елден шамамен 3 мың спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы спорттың сегіз түрі бойынша өнер көрсетіп, жалпыкомандалық есепте 9-орын алды. Ел қоржынына 25 медаль түсті: 8 алтын, 4 күміс және 13 қола.
Төлемдерді жүзеге асыру туралы шешім спортты мемлекеттік деңгейде жүйелі қолдаудың бір бөлігі және жоғары жетістіктер спортын одан әрі дамытуға, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайтуға бағытталған.