Қазақстандық полицей армрестлингтен халықаралық турнирде 1-орын алды, деп хабарлады turkystan.kz.
АҚШ-та өткен күш құрылымдары арасындағы армрестлингтен халықаралық турнирде Түркістан облысы полиция департаментінің патрульдік полиция батальонының инспекторы, полиция капитаны Нұрқанат Өтешов ел намысын қорғады.
Турнирге 70-тен астам елдің мықты спортшылары жиналды. Жарыс барысында Нұрқанат Өтешов тек мықты физикалық дайындықты ғана емес, табандылығы мен кәсіби шеберлігін де көрсетті. Ол оң және сол қол бойынша өткен армрестлинг сайыстарында да қарсыластарына дес бермей, екі алтын медальға ие болды.
Созақ ауданының тумасы Нұрқанат Өтешов ішкі істер органдарында 2004 жылдан бері қызмет етіп келеді. Ол спортпен жастайынан айналысқан, ал армрестлингке 2011 жылдан бері ден қойған. Бұған дейін де Қазақстан чемпионы және Азия чемпионы атанған тәжірибелі спортшы халықаралық деңгейде де өз мықтылығын дәлелдеді.