Нобель сыйлығына лайық жаңалық ашуға ұмтылған ғалымдарға жұмыс орнын ауыстыру табыс кілті болуы мүмкін. Халықаралық экономикалық шолу (International Economic Review) журналында жарияланған жаңа зерттеуге сәйкес, жиі қоныс аударатын ғалымдар өздерінің Нобельге апарар зерттеуін орнын өзгертпейтін әріптестеріне қарағанда шамамен екі жыл бұрын бастайды. Ал бір уақытта бірнеше мекемеде жұмыс істейтіндер одан да ерте кіріседі, деп хабарлайды turkystan.kz.
Зерттеудің авторлары Огайо мемлекеттік университетінің профессоры Брюс А. Вайнберг пен Нью-Йорк университетінің профессоры Джон Хэм 1901–2003 жылдар аралығында химия, медицина және физика салаларындағы 488 Нобель лауреатының мансап жолын талдаған. Олар әр ғалымның мансабы мен Нобельге жеткізген зерттеуінің басталу уақытын салыстырып, жаңа ортамен танысудың шығармашылық серпіліс әкелетінін анықтады. Мұны олар “recombinant innovation” – яғни әртүрлі идеялар мен әдістерді жаңа комбинацияға біріктіру арқылы пайда болатын инновация деп сипаттайды.
Зерттеу нәтижесінде мынадай заңдылық байқалған:
- Жаңа орынға әр 2 жыл сайын көшкен ғалымдар Нобельге жеткізген жұмысын 2,6 жыл бұрын бастаған.
- Әр 3 жыл сайын ауысқандар – 1,9 жыл бұрын.
- Әр 5 жыл сайын орнын ауыстырғандар – 1 жыл бұрын.
- Бірнеше мекемеде қатар жұмыс істеген ғалымдар зерттеуін орта есеппен 2,6 жыл ерте бастаған.
Орта есеппен Нобель сыйлығының лауреаттары мансабын бастағаннан кейін 10,5 жылдан соң өздерінің шешуші зерттеуіне кіріседі. Демек, орынды жиі ауыстыру арқылы бұл кезеңді 20%-ға қысқартуға болады.
Авторлар бұл тенденцияны ғылыми ортада жаңа идеялар мен көзқарастарды кездестірудің маңызымен түсіндіреді. Яғни бір ортада ұзақ отырып, сол айналадағы таныс ойларға шектеліп қалудан гөрі, түрлі ортаға барып, жаңа адамдармен араласқан дұрыс.
Сонымен қатар, зерттеу тарихи контексті де назарға алады: мысалы, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ ғылыми элитаның негізгі орталығына айналған. Бұрынғы буын ғалымдары Нобель зерттеуін бастау үшін 11 жылға жуық уақыт қажет етсе, кейінгі буындар бұл межеге 7–9 жылда жеткен.
Жаңа орта – жаңа серпін. Ғылыми серпіліс тек дарын мен білімге ғана емес, сонымен бірге адамдармен араласуға да тәуелді.