Қарағандыда екі жасөспірім біреудің салып жатқан үйінен құрал-сайманын ұрлап кеткен

/
Қарағандыда екі жасөспірім біреудің салып жатқан үйінен құрал-сайманын ұрлап кеткен
istockphoto.com

Қарағанды қаласында кәмелетке толмаған екі жасөспірімнің құрылыс нысанынан қымбат құрылғыларды жымқырғаны анықталды, – деп хабарлайды turkystan.kz.  

48 жастағы қала тұрғыны Оңтүстік-Шығыс полиция бөліміне жүгініп, салынып жатқан жеке үйінен бірқатар құрылыс құралының ұрланғанын мәлімдеген. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз біреулер перфораторлар, бұрыштық тегістегіш пен құрылыс деңгейін қолды етіп, жалпы сомасы 140 мың теңгеге жуық шығын келтірген.

Күдіктілер оқиға орнынан қашып бара жатқан сәт бейнежазбаға түсіп қалған. Көршілердің бірі оларды өз смартфонының камерасына түсіріп үлгерген. Полицейлерге ұсынылған фотосуретте күдіктілердің сырт келбеті анық көрінген, бұл тергеуге елеулі көмек болды. Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде тәртіп сақшылары күдіктілердің ізіне түсіп, олардың кім екенін анықтады.

Ұсталғандар — Қарағанды қаласының 16 және 17 жастағы тұрғындары екені белгілі болды. Тінту кезінде олардың үйінен ұрланған құрылғылар табылып, айғақ ретінде тәркіленді.

Қазіргі таңда бұл факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жасөспірімдердің бұл қылмысқа қандай жағдайда барғаны, сондай-ақ олардың басқа да заң бұзушылықтарға қатысы бар-жоғы анықталуда.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары