Шаш үлгісіне арналған құрылғылар мен шаңсорғыштары арқылы әлемге әйгілі болған Dyson компаниясы енді құлпынай өсіріп жатыр. Олар өздерінің жаңа жобасы аясында 1,2 миллион түп құлпынай еккен. Қазір бұл өнімнің 1 келісі 14 фунт-стерлингке сатыла бастады, деп хабарлайды turkystan.kz dysonfarming.com-ға сілтеме жасап.
Бұл жай ғана тәжірибе емес, мықты технологиямен жабдықталған заманауи ферма. Жылыжай ішінде алып айналмалы дөңгелектер орналасқан, солардың бойында құлпынай өседі. Ал өнімді 16 робот-жинаушы автоматты түрде теріп алады.
Жоба аясында ұнтақ саңырауқұлақпен күресетін шағын лазерлі роботтар да іске қосылған. Dyson бұл арқылы ауыл шаруашылығын толық автоматтандыруды көздейді.
Құлпынай – тез пісетін, нарықта сұранысқа ие өнім, сол себепті компанияның таңдауы соған түскен. Компания болашақта роботталған егін шаруашылығын кеңейтуді жоспарлап отыр.