Жаңа зерттеулер біздің жадымыздағы уақытты бағалау қабілетіміздің күтпеген бұрмалануға ұшырайтынын көрсетті. Егер ақпарат немесе сурет бірнеше рет қайталанса, біз оны жақсы есте сақтаймыз. Бірақ, Psychological Science журналында жарияланған зерттеу нәтижесіне сүйенсек, мұндай қайталанған оқиғалар бізге шын мәнінде болған уақытына қарағанда әлдеқайда бұрын болғандай сезіледі. Бұл феноменге зерттеушілер «уақытты қайталау әсері» (temporal repetition effect) деген атау берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
АҚШ-тағы бірнеше жүз ересек адамның қатысуымен жүргізілген алты эксперимент барысында ғалымдар мынадай заңдылықты байқады: егер бір сурет немесе мәлімет бірнеше рет көрсетілсе, адамдар оны алғаш рет көрген уақытты нақты уақытына қарағанда әлдеқайда ертерек деп бағалайды. Бұл иллюзия адамның уақыт туралы жадысын 25 пайызға дейін бұрмалауы мүмкін.
Бұл жаңалық психологияда бұрыннан қалыптасқан көзқарасқа қайшы келеді. Бұған дейін ғалымдар жадының анықтығы мен жарықтығы адамның оқиғаның қашан болғанын бағалауына тікелей әсер етеді деп есептеген. Яғни, егер естелік көмескі болса6 ол бұрын болған, ал егер анық және есте жақсы сақталса, жақында болған деп санаймыз. Алайда бұл зерттеу керісінше нәтиже көрсетті: біз жақсы есімізде сақтаған нәрсе, әсіресе ол жиі қайталанса, санамызда әлдеқайда бұрын болғандай көрінеді.
Зерттеудің авторы, 1 тамыздан бастап Огайо мемлекеттік университетінде ассистент-профессор қызметін бастайтын Сами Юсиф бұл идеяның қайдан туғанын былай түсіндіреді: «Біз бәріміз де бір жаңалықты күн сайын көріп, одан жалығатын сәтті білеміз. Сонда ойлана бастадық: осы бірдей ақпараттың үнемі қайталануы біздің ішкі уақыт шкаламызды бұрмалап жатқан жоқ па?»
Алғашқы экспериментте қатысушыларға түрлі күнделікті заттардың (мысалы, степлер немесе су құятын құман) суреттері көрсетілді. Кейбір суреттер бір-ақ рет, ал кейбіреулері бес мәрте көрсетілді. Кейін қатысушылардан әр суретті алғаш рет эксперименттің қай сәтінде көргендерін визуалды уақыт шкаласы арқылы белгілеу сұралды.
Нәтиже таңғаларлық болды: қайталанған суреттер көрермендерге алғаш көрсетілгенімен, олар қатар тұрған, бірақ бір рет қана көрсетілген суреттерге қарағанда әлдеқайда бұрын болғандай қабылданды. Сонымен қатар, сурет неғұрлым жиі қайталанса, ол соғұрлым ертерек болғандай сезілген. Бұл заңдылық барлық жеті түрлі жағдайда да сақталды.
Ғалымдар бұл құбылыстың саналы түрде қолданылған стратегиялармен байланысты еместігін де тексерді. Қатысушылардан қандай әдіспен жауап бергендерін сұрап, қайталау факторын ескерген-ескермегенін анықтауға тырысты. Бірақ жауаптар бұл иллюзияның нақты күшін түсіндіре алмады. Демек, бұл әсер адамның жад пен уақытты қабылдауының терең деңгейіндегі автоматты процестермен байланысты.
Сами Юсифтің айтуынша, бұл жаңалық ақпаратты есте сақтау ғана емес, оны уақыт шкаласында дұрыс бағалау қабілетіміз де қайталану нәтижесінде бұрмалануы мүмкін екенін дәлелдейді. Бұл түсінік күнделікті өмірде, әсіресе медиа және жаңалықтар легі арқылы ақпаратқа қанығу жағдайында маңызды рөл атқаруы мүмкін.