Inucobo жануарларды қорғау қауымдастығы Instagram парақшасында 10 жастағы балаға иттер шабуыл жасаған жерден түсірілген видеоны жариялады. Видеоны жануарлардың иесі берген, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Максим есімді бала досымен бірге тәуелді адамдарға арналған оңалту орталығының қоршауының жанында ұзақ уақыт ойнаған. Бұл орталықта алкоголь және есірткіге тәуелді адамдар емделеді. Сол жерде кинолог Алмаз иттерін вольерде ұстайды. Сол күні аулада жас америкалық булли тұқымды иттер бос жүрген. Балалар бұл орталықтың жанында неге ұзақ жүрген? Ата-аналары мұндай жерлерден аулақ жүруді неге үйретпейді? Видеодан көрініп тұрғандай, орталық тұрғын үйлерден алшақ орналасқан. Иттер қоршаудың арғы жағында тұрған балаларға үре бастайды», – делінген видеодағы жазбада.
Inucobo жануарларды қорғау қауымдастығы иттердің иесінің сөзін келтіреді. Ер адамның айтуынша, балалар ойнап жүріп бір-бірін итеріп, соның салдарынан біреуі орталықтың ауласына – вольерлер орналасқан жеке меншік аумаққа құлап кеткен.
«Қоршау темірден жасалған, бала жарақат алуы мүмкін, бірақ сараптама әлі жүргізілген жоқ. Жалпы сараптама бола ма, белгісіз. Иттер үшін бұл бөгде адам, сондықтан олар өз аумағын қорғауы заңды. Дегенмен, иесі сараптама жасауды сұрап отыр, себебі жарақаттар профлистен болуы мүмкін – бұл да қисынды. Кейін видеодан баланың жылап отырғанын, ал екіншісінің көмекке жүгіргенін көруге болады. БАҚ мәліметінше, балаға таксист көмекке келіп, қолында пышақ болған. Ол баланы құтқару кезінде ауыр металл қақпаны сындырған және иттерді пышақтап өлтірген», – делінген жазбада.
Оқиға 30 маусым күні күндіз Қарасай ауданына қарасты Жалпақсай ауылында болған. Үш бірдей ашулы ит жеке аумақтан шығып кетіп, адамдардың көз алдында 10 жастағы балаға футбол алаңында шабуыл жасаған. Бала жансақтау бөліміне түскен.
Алматы облысы прокуратурасы кінәлі тұлғалар заң аясында қатаң жауапкершілікке тартылатынын хабарлады. Қылмыстық істің тергеуі қадағалау органы тарапынан ерекше бақылауға алынған. Алдын ала мәлімет бойынша, шабуыл жасаған иттер түрлі тәуелділіктен емдейтін жеке оңалту орталығының аумағында ұсталған.