Ұлыбританияда бір дәуірдің нышанына айналған патша отбасының пойызы енді тарих қойнауына кетпек. Бұл марқұм патшайым Елизавета ІІ ерекше жақсы көрген, өзі жиі пайдаланған көлік түрі еді. Король Чарльз ІІІ монархияны қазіргі заман талабына сай жаңғырту үшін осы шешімді қабылдаған.
1840 жылдан бері британ патшалығының мүшелері осы пойызбен ел ішін аралап келген. Бірақ кейінгі жылдары оны күтіп-баптау тым қымбатқа түскен.
Бұл пойыздың қазіргі құрамасы 1977 жылы Елизаветаның таққа отырғанына 25 жыл толуына орай арнайы жасалған болатын. Оны екі ерекше локомотивтің бірі "Royal Sovereign" немесе "Queen’s Messenger" тартатын. Бұлар да жай техника емес: қоршаған ортаға зиян келтірмейтін, өсімдік майының қалдығынан алынған экологиялық отынмен жұмыс істейді.
Король сарайының қаржы істеріне жауапты Джеймс Чалмерс бұл пойыздың ел тарихындағы орнына тоқтала келіп:
«Бұл пойыз – бірнеше буынның естелігіне айналған құндылық. Онымен жұмыс істегендер де, сырттай сүйсініп қараған халық та оны ерекше бағалады. Бірақ уақыт бір орында тұрмайды. Қазір біз бар ресурсты ұқыпты пайдаланып, монархияны жаңғырту жолына түстік», – деді.
Қазір сарай қызметкерлері пойыздың тарихи маңызы бар бөлшектерін сақтап қалудың жолын қарастырып жатыр. Бұл көне жәдігерлер алдағы уақытта музейден орын алуы мүмкін.
Айта кетейік, биыл да король отбасының ресми қызметіне бөлінетін қаражат көлемі өзгеріссіз қалды: төртінші жыл қатарынан патшалыққа 86,3 миллион фунт стерлинг бөлінеді.