COVID-19 пандемиясының нақты қайдан және қалай басталғаны әлі күнге дейін беймәлім. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) зерттеуші тобы бұл сұраққа соңғы есебінде нақты жауап таба алмағанын мойындады.
Топ жетекшісі, профессор Мариэтье Вентердің айтуынша, ғылыми деректердің басым бөлігі коронавирустың жануарлардан адамға жұққанын растайды. Бұл тұжырымды ДДСҰ-ның пандемия басталғаннан кейін 2021 жылы өткізген алғашқы зерттеуі де жасаған: вирус жарқанаттардан, аралық жануар арқылы адамға тараған болуы мүмкін.
Алайда зерттеушілер зертханалық апат нұсқасын зерттеуге қажетті деректерді Қытай билігінен үш жылдан астам уақыт бойы сұратқанына қарамастан, толық ақпарат ала алмаған. Генетикалық тізбелер мен биоқауіпсіздікке қатысты мәліметтер ұсынылмаған.
«Сол себепті бұл гипотезаны толыққанды зерттеу немесе жоққа шығару мүмкін болмады. Бұл болжам көбіне саяси пікірлерге негізделген, ғылыми дәлелдермен расталмаған», – деді Вентер.
Сарапшылар тобында 27 мүше болған, алайда есеп жазылар алдында бірі отставкаға кетіп, үшеуі өз есімін есептен алып тастауды сұраған. Бұл зерттеу тобының ішінде де біркелкі пікір болмағанын көрсетеді.
Вентер COVID-19 вирусының зертханада жасанды түрде өзгертілгеніне ешқандай дәлел жоқ екенін атап өтті. Сондай-ақ, вирус 2019 жылдың желтоқсанына дейін Қытайдан тыс жерде тарады деген де айғақ табылмаған.
«Қосымша ғылыми деректер пайда болмайынша, SARS-CoV-2 вирусының адамзатқа қалай енгені туралы мәселе ашық күйінде қалады», – деді ол.
ДДСҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус бұл мәселені шешуді «адамзат алдындағы моральдық міндет» деп атады. Оның сөзінше, COVID-19 кемінде 20 миллион адамның өмірін жалмады, әлемдік экономикаға кемі $10 трлн шығын әкелді және миллиардтаған адамның өмірін өзгертті.
Айта кетейік, Associated Press агенттігі өткен жылы Қытай билігі пандемия басталған алғашқы апталарда ішкі және халықаралық тергеу жұмыстарына кедергі келтіргенін, ал ДДСҰ тарапынан да ерте әрекет ету мүмкіндігі жіберілгенін хабарлаған.
Қытай билігі зертханадан тарады деген идеяны бірнеше мәрте жоққа шығарған, тіпті COVID-19-дың шығу тегін басқа елдерден іздеуді ұсынған.
Ал былтырғы зерттеулерде ғалымдар вирус адамға тікелей әсер етуі мүмкін жануарлар тізімін қысқартты. Олардың қатарында енетазылар, цивет мысықтары мен бамбук егеуқұйрықтары бар.