The New York Times басылымы XXI ғасырдың ең үздік 100 фильмінің тізімін жариялады. Рейтингті құрастыру үшін редакция 500-ден астам кино саласының өкілдері, актерлер, режиссерлер, сценаристер мен белгілі киномандар арасында сауалнама жүргізген, деп хабарлайды turkystan.kz The New York Times-қа сілтеме жасап.
Олардың қатарында «Оскар» сыйлығының иегерлері Педро Альмодовар, София Коппола, Барри Дженкинс және Гильермо дель Торо сияқты режиссерлер, сондай-ақ актерлер Чиветель Эджиофор, Джон Туртурро, Мики Мэдисон мен Джулианна Мур бар.
Сауалнамаға қатысушылардан 2000 жылғы 1 қаңтардан кейін шыққан ең үздік 10 фильмді атау сұралған. Нәтижесінде жасалған рейтингте Пон Чжун Хоның «Паразиттер» (2019) фильмі бірінші орынға ие болды.
The New York Times сайтында үздік 100 фильмнің толық тізімі жарияланып, әр фильмнің қасында арнайы чек-бокстар қойылған, көріп үлгергендеріңізді белгілеп, көргіңіз келетіндерді вишлистке қосуға болады.